Жаңалықтар

Қазақстанның жерлері қытайлық сайттарда сатылып жатыр ма?

Әлеуметтік желілерде қытайлық сайттарда қазақстандық ауыл шаруашылығы алқаптары ашық сатылып жатқаны туралы ақпарат жарияланды. Алайда бұл ақпаратты Ауыл шаруашылығы министрлігі жоққа шығарды, деп хабарлайды basagro.kz.

«Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 24-бабының талаптарына сәйкес, шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, шетелдік қатысуы бар Қазақстан Республикасының заңды тұлғалары, халықаралық ұйымдар, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтар, сондай-ақ қандастар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік немесе жер пайдалану құқығымен иелене алмайды, яғни ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiн шетелдіктерге беруге қатаң тыйым салынғанын атап өтеміз.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некеде тұрған (ерлі-зайыпты) Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке меншікке және жер пайдалану құқығымен беруге жол берілмейді.
​Әлеуметтік желіде жарияланған Қытай елінің сайтындағы Қазақстан аумағындағы жерлердің сатылатындығы туралы ақпарат жалған екендігін мәлімдейміз», — деп хабарлады ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов өзінің әлеуметтік желісіндегі парақшасында. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button