Жаңалықтар

Қостанай облысының фермерлеріне бюджеттен 57 млрд теңге бөлінеді

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың облысқа жұмыс сапары аясында өткен кеңесте Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелері талқыланды, деп хабарлайды BasAgro.kz.

Облыс әкімдігі мен орталық мемлекеттік органдар басшылығының қатысуымен өнеркәсіп, жылу-энергетика, ауыл шаруашылығы, көлік, денсаулық сақтау және т.б. салаларда атқарылып жатқан шаралар қаралды.

Үкімет басшысының 2022 жылғы қыркүйекте Қостанай облысына жасаған соңғы жұмыс сапарының қорытындысы бойынша тапсырмалардың басым бөлігі орындалғаны айтылды. Бұл ретте кейбір инфрақұрылымдық жобалар іске асыру сатысында.

– Тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Үкімет қаражатты уақтылы және толық көлемде бөледі. Әкімдік жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауы керек», — деді Әлихан Смайылов.

Су айдындарының ластануына жол бермеу мақсатында кәріздік тазарту құрылыстарын салу және қайта жаңғырту шараларын қабылдау туралы бұйрық берілгенін еске салды.

Жиынның күн тәртібіне көшкен Әлихан Смайылов өткен жылдың қолайсыз табиғи-климаттық оқиғаларға байланысты ауыл шаруашылығы саласы үшін әсіресе қиын болғанын атап өтті.

– Осыған қарамастан облыста 4 миллион тоннаға жуық дәнді дақылдар жиналды. Биыл облыс диқандарына бюджеттен 57 миллиард теңге бөлінсе, оның 38 миллиард теңгесі субсидия түрінде. Көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу үшін әкімдік дер кезінде шаралар қабылдауы қажет», — деді ол.

Үкімет басшысы өңірдің климаттық жағдайы мен экономикалық орындылығын ескере отырып, ірі сүт-тауарлы фермаларды дамытуға қосымша қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Оның айтуынша, «Ауыл аманаты» бағдарламасы да ауыл халқының табысын арттыруға септігін тигізеді.

– Биыл облыста оны жүзеге асыруға Үкімет өткен жылмен салыстырғанда 2 есе көп қаржы бөлді. Жалпы, 2023 жылы бағдарламаның арқасында 300-ге жуық жұмыс орны ашылды, биыл кем дегенде 600 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.Әкімдік тек несие беріп қана қоймай, жеке қосалқы шаруашылықтардың кооперациясын ынталандыру керек», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button