ҚР АШМ-де ФАО – Қазақстан серіктестік бағдарламасының Басшылық комитетінің отырысы өтті

Ауыл шаруашылығы министрлігінде (АШМ) Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) мен Қазақстан арасындағы серіктестік бағдарламасының Басшылық комитетінің отырысы өтті.
Іс-шараға ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы, ҚР АШМ құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, ҚР Парламенті Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетінің депутаттары, ФАО-ның Қазақстандағы Байланыс және серіктестік бюросының басшысы Қайрат Нажмиденов, сондай-ақ салалық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Ермек Кенжеханұлы ФАО-мен стратегиялық әріптестіктің орнықты аграрлық даму мен озық технологияларды енгізуге ықпал етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«ҚР Үкіметі мен ФАО арасындағы келісім аясында Астанада Байланыс және серіктестік бюросы жұмыс істейді. Осы бюроның базасында біздің бірлескен Серіктестік бағдарламамыз іске асырылуда. Бағдарлама орнықты ауыл шаруашылығын дамытуға, инновацияларды енгізуге және тәжірибе алмасуға бағытталған. Өткен отырыста біз 12 жоба ұсынысын қарастырдық, олардың ішінде 7-еуі іріктеліп, әрі қарай пысықталуда. Бүгін осы бастамалар бойынша жұмысты жалғастырып жатырмыз», — деді вице-министр.
Басым бағыттардың қатарында – «Қазақстандық тұқымдар мен сорттар» ұлттық бастамасын іске асыру, дәлме-дәл егіншілік технологияларын енгізу, сондай-ақ шегірткелердің таралуын жасанды интеллект пен ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен мониторингтеу және болжау жүйесін жетілдіру бар.
Сондай-ақ цифрлық ауыл шаруашылығы бойынша бірлескен инновациялық орталық құру жоспарланып отыр. Бұл орталық ауылдық өңірлерде цифрлық және ғылыми-интеллектуалды экономиканы, серіктестікті, инновациялар мен зерттеулерді дамытуға серпін бермек. Сонымен қатар ауыл шаруашылығының орнықты дамуын қамтамасыз ету және көміртегі нарығына қатысу мақсатында топырақтағы органикалық көміртегіні ұлттық деңгейде мониторингтеу жүйесін әзірлеу және енгізу көзделуде.
Отырыста ФАО және қазақстандық тарап өкілдері өз ұсыныстары мен ұсынымдарын ортаға салды. Аграрлық секторды басқару жүйесіне заманауи агротехнологияларды, экологиялық тәжірибелер мен цифрлық шешімдерді енгізудің маңыздылығы ерекше атап өтілді.
Кездесу қорытындысында тараптар ұсынылған бастамаларды нақты пысықтап, оларды іске асыру кезеңіне көшу үшін салалық ұйымдар мен сарапшылардың қатысуымен бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.