Қытайға ет өнімдерін экспорттау әлеуеті Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен жиында талқыланды
Болжам бойынша, алдағы жылдары Қытайда ет өнімдерін тұтыну көлемі артпақ.
— OECD-FAO болжамына сәйкес, Қытайда сиыр етін тұтыну 2031 жылға қарай 1,1 млн.тоннаға артады, импорт 0,8 млн. тоннаға өседі, — деп хабарлады кеңес барысында сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев. — Еттің барлық түрлеріне бағаның өсуі күтілуде. 2022 жылдың тек тамызында ғана бір шошқа етінің бағасы 22,5% — ға өсті.
2021 жылы Қытайға барлық азық-түлік өнімдерінің импорты 28,8% — ға өсті. ҚХР-ға тамақ өнімдерін жеткізушілердің үздік үштігі: Бразилия, АҚШ және Таиланд. Бұл ретте ет өнімдері импортталатын үздік 3 өнімнің қатарына кіреді.
Қытайға отандық тамақ өнімдерінің экспорты 2022 жылы 3,6 есе өсіп, шамамен 254 млн құрады. ҚР барлық азық-түлік өнімдерінің экспортындағы Қытайдың үлесі 13,5% -. құрайды. Өткен жылы Қазақстаннан Қытайға барлығы 152 кәсіпорын азық-түлік өнімдерін экспорттады. Экспорттың 99% — май, кебек, жем, кондитерлік өнімдер.
Бүгінде қазақстандық экспорттаушылар тарапынан Қытайға салқындатылған ет, балық өнімдерін, құс еті мен субөнімдерді, шошқа, жұмыртқаны және басқа да тауар түрлерін экспорттауға үлкен қызығушылық байқалады. Алайда, пандемия сауда қатынастарын жандандыруға елеулі тосқауыл болды, 2019 жылдың аяғынан бастап елдер арасында бірде-бір жаңа хаттама мен меморандум жасалмады, бірқатар қазақстандық кәсіпорындар импорттаушылар тізіліміне енуді күтуде.
Сонымен қатар, Қазақстанда 2021 жылы аусыл ауруы анықталған сәттен бастап Қытайға мұздатылған сиыр мен қой етінің экспорты тоқтатылды. Ағымдағы жылдың сәуір айында түпкілікті шешім қабылдау үшін инспекциялық топтың Қазақстанға келуі күтілуде.