Жаңалықтар

Қытайлық инвесторлар Жамбыл облысында жаңа зауыт ашады

Шетелдік екі бірдей компания Қазақстанда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы жобаларды іске асыра бастады, деп хабарлайды basagro.kz.

Атап айтқанда, қытайлық Wanlin Group Limited компаниясы пияз өндірісі бойынша көшбасшы болып табылатын Жамбыл облысында дегидрацияланған көкөністер шығаратын зауыт салуға ниетті. Компания президенті Ли Янтао жобаны 5 жыл ішінде үш кезеңде жүзеге асыру жоспарланып отырғанын, ал инвестициялардың жалпы көлемі 30 млн долларды құрайтынын айтты. Инвестор Жамбыл облысының үш ауданында пиязды отырғызып үлгерді, қазір пилоттық егінді сынау нәтижелері күтіліп отыр.

Айта кетейік, ҚХР-да Wanlin Group Limited компаниясының дегидрацияланған көкөністер өндіретін екі ірі зауыты бар. Өнімдер негізінен АҚШ пен Еуропаға экспортталады. Компания Nestle, Unilever, Kerry және басқа ірі компаниялармен серіктес.

Қостанай облысында мамыр айының ортасында түріктің Аrbel компаниясының бұршақ дақылдарын қайта өңдейтін жаңа зауыты ашылады. Компания төрағасы Хусейн Аслан кәсіпорында 70-ке жуық адам жұмысқа орналасатынын атап өтті. Өндірістің күтілетін жылдық қуаты шамамен 170 мың тонна бұршақ, қызыл және жасыл жасымық, ноқат және қатты сұрыпты бидайды құрайды. Бірінші кезеңдегі инвестиция көлемі — 8,5 млн доллар. Қазіргі уақытта технологиялық жабдықты монтаждау, сондай-ақ тиісті рұқсат құжаттарын алу жүргізіліп жатыр.

АШМ басшысы аталған кәсіпорын іске асырылғаннан кейін түрік компаниясы астықты терең өңдеу жобасын қарастыра алатынын атап өтті. Бұл бағыт бүгінде Қазақстанның әлемдегі жоғары сапалы астық өндіруші ел ретіндегі ұстанымын ескере отырып, перспективалы бағыттардың бірі болып табылады, деп қорытындылады Ербол Қарашөкеев.
Айта кетейік, шетелдік инвесторлар қазақстандық ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді алуды көздемейді, аталған жобаларды отандық фермерлермен кооперацияда іске асырып жатыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button