Қызылорда: ғасырлар тоғысындағы дарабоздар
Арал ауданында Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына орай «Ғасырлар толқынының дарабоздары» атты республикалық шаралар өтті, деп хабарлайды BasAgro.kz.
Шаралар легі Ә.Нұрпейісов атындағы әдебиет үйінде «Әлем таныған Әбе» атты салтанатты ашылу рәсімнен бастау алды. Онда облыс әкімінің орынбасары Ш.Байманов сөз сөйлеп, аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының арнайы лебізін жеткізді.
– Саналы ғұмырының соңына дейін қағаз бен қаламды серік етіп, артына мол рухани мұра қалдырған Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның Халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтің туғанына биыл 100 жыл толды.
Абыз жазушы қасиетті Сыр өңірінде дүниеге келіп, бүкіл ғұмырын ұлтымыздың рухани кемелденуіне арнады. Ұлт перзентін ұлықтау — елдіктің белгісі. Халық жазушысының құрметіне арналған мереке бүгінмен шектеліп қалмайды. Алашқа ортақ аңыз тұлғаның айтулы мерейтойына арналған шаралар желтоқсан айында жалғасын табады. Өнегелі ғұмыр кешіп, соңында мол мұра қалдырған Әбдіжәміл Кәрімұлының жарқын бейнесі ешқашан ұмытылмайды, – деді Ш.Байманов.
Екі күндік шара барысында Ә.Нұрпейісовті еске алуға арналған қазақ күресінен республикалық турнир, «Қалам ұшындағы ғалам» атты халықаралық суретшілер симпозиумы, Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 250 жылдығына арналған республикалық ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылды.
Оған облыс әкімінің орынбасары Ш.Байманов, ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Б.Кәрібаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты С.Қосанов, журналист, филология ғылымдарының кандидаты Н.Көбегенұлы, тарихшы-өлкетанушы Б.Қуатов, зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары және ғылыми-конференция қонақтары қатысты.
Қазақ күресінен республикалық турнирде Қызылорда, Ақтөбе және Түркістан облыстарынан келген 70-ке жуық палуан 6 салмақ бойынша және түйе палуандар күш сынасты.
Кешке Арал қаласының орталық алаңында «Ғасырлар толқынының дарабоздары» атты эстрада жұлдыздарының гала-концерті өтті.
Концертте халықаралық суретшілер симпозиумының қатысушылары мен «Теңіз текті тұлға» атты жазушы-журналистер арасындағы республикалық байқау жүлдегерлері марапатталды.