Новости

Ауыл шаруашылығы министрі бастаған делегация «Бесарық» ауылындағы бастамалармен танысты

Извините, этот текст доступен только на “Қазақ тілі”.

2024 жылғы 17 қыркүйекте ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров бастаған делегация Сырдария ауданы «Бесарық» ауылының әлеуметтік-экономикалық даму барысымен және қолға алынған жобалармен танысты. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Бесарықтың» өңірдегі алдыңғы қатарлы ауылдардың бірі, «Үлгілі елді мекен» байқауының жеңімпазы екенін атап өтті, деп хабарлайды BasAgro.kz.

«Абай Дәулет» ЖШС директоры Мұрат Сәрсенбаев ауылды көгалдандыру, көркейту, әлеуметтік нысандарды жөндеу жұмыстарына 734,8 млн. теңгеден астам қаржы бөліп, мешіт және ауыл әкімдігі ғимаратын салып, орталық алаңды абаттандырған. Қонақтарға аталған серіктестік бастамасымен басталған құрылыстар таныстырылып, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Алдағы уақытта «Бесарықтың» өз фри өндірісі болады. Мұнан бөлек, серіктестік ауыл тұрғындары үшін заманауи сауда үйін салуда. Делегация Мәдениет үйінде атқарылған жұмыстарды да көрді. Бұрынғы Мәдениет үйі ғимараты 1979 жылы салынған. Қайта жаңғыртуға аудандық бюджеттен 25 млн. теңге қаражат қаралды. Көрермендер залының төбесі, сахналық төсеніші, пердесі, орындығы жаңартылып, музыкалық аппаратура, ЛЭД экран алынады. Жаңа үлгідегі жарықшамдар орнатылып, көрермендер залы толық жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, ғимараттағы кітапхана қайта жабдықталады. Жөндеу жұмыстары «Абай-Дәулет» ЖШС демеушілігімен жүргізілуде. Қазір мекемеде 6 үйірме, 1 шығармашылық ұжым жұмыс жасайды, оған 114 мүше тартылған.

Делегация ауылдың орталық алаңына барды. Демалыс аймағына «Абай Дәулет» ЖШС 65 млн. теңге қаражат бөлді. Алаң ортасына субұрқақ, «Ана бақыты» мүсіні орнатылған. Алдағы уақытта мұндағы орталық көшелер жаңартылып, жол салынады.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров ауылдардың өзекті мәселелерін шешуде агробизнес өкілдерінің оң бетбұрыс жасағанын айтып, жоғары баға берді. Бұл ауылдағы өмір сүру сапасын жақсарту мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадамдар болып табылады. Министр агробизнес өкілдерінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жобалар ауылдардың дамуына үлкен үлес қосатынын атап өтті.

Бұл бастамалар ауылдың инфрақұрылымын жақсартып қана қоймай, жергілікті тұрғындарға жаңа мүмкіндіктер ашуға, жұмыс орындарын құруға және әлеуметтік нысандардың сапасын арттыруға бағытталған. Ауыл шаруашылығының дамуына үлес қосатын осындай жобалар болашақта да жалғасын табады деп күтілуде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button