Қызылорда: Қала күні мерекелік концертпен қорытындыланды
Орталық стадионда облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қала күніне орай мерекелік іс-шара өтті. Оған мемлекет және қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, қала, аудан әкімдері, зиялы қауым өкілдері, еңбек ардагерлері мен қала тұрғындары жиналды, деп хабарлайды BasAgro.kz.
Аймақ басшысы жұртшылықты мерекемен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жетістіктеріне тоқталды.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы бірлік пен берекенің, өнер мен мәдениеттің құтты ұясы Сыр өңіріне келген сапарында облысымызға дамудың үлкен перспективалары бар стратегиялық маңызды аймақ деп оң бағасын берді. Биыл Қызылорда қаласының бюджеті 50 млрд. теңгеге артып, 107,9 млрд.теңгеге жетті.
Қала күні қарсаңында тұрғындар асыға күткен жайлы мектеп, Оқушылар сарайы, Теннис орталығы ел игілігіне табысталды. Сол жағалаудағы №2 шағын ауданға салынған 470 пәтерлік 10 көпқабатты тұрғын үйде қоныстой тойланды. Осы уақытқа дейін қаламыздың ең басты коммуналдық мәселесі болып келген көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық сумен қамтамасыз ету оң шешімін тапты.
Биыл 187 үй, алдағы жылы тағы 237 үй ыстық суға қосылады. Соңғы екі жылда біз барлық саланың материалдық-техникалық базасын нығайтуға басымдық бердік. Ең алдымен облыс орталығындағы қоғамдық көлікке қатысты түйткілді түбегейлі шешу үшін 300 жаңа автобус сатып алынды. Жаңа қоғамдық көліктер жолаушыларға қызмет көрсетуде.
Тұрғындар сұранысына сәйкес алынған 200 санитарлық автокөліктің 60-ы Қызылорда қаласындағы денсаулық сақтау мекемелеріне табысталды.
Сүйікті қаламыздың самаладай жарқырауына, көркейіп, гүлденуіне бірге атсалысайық!
Жаңа белестерді бағындырып, асқақ армандарға бірге жетейік! Әр шаңыраққа шаттық, береке-бірлік тілеймін!», — деді Н.Нәлібаев.
Салтанатты іс-шарада қаланы әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси тұрғыдан өркендетуде ерен еңбектің үлгісін көрсеткен 9 азаматқа «Қызылорда қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді. Сан салада қызмет ететін 3 азаматқа облыстың ең жоғары марапаты — Қызылорда облысының Құрмет грамотасы, 9 азаматқа облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Қала күніне арналған мереке отандық эстрада жұлдыздарының концертіне және отшашуға ұласты.