В Актюбинской и Костанайской областях увеличат площадь химической обработки против саранчовых
Бүгінгі таңда химиялық өңдеу жоспарланған 2,5 млн га аумақтың 2,3 млн гектарында қорғау іс-шаралары аяқталды. Ақтөбе облысында болжанған көлемнің 81%-ы, ал Қостанай облысында 87%-ы өңделді. Алайда, бұл өңірлердегі жағдай әлі де күрделі.
Бұл туралы Шегіртке зиянкестеріне қарсы қорғау іс-шараларын жүргізу және карантиндік объектілер мәселелері жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысында ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Дархан Әбдікәрімов мәлімдеді.
«Ұзаққа созылған жауын-шашын мен қатты жел химиялық өңдеуді уақытылы әрі оңтайлы мерзімде жүргізуге мүмкіндік бермеді. Сондықтан өңдеу алаңын ұлғайту ықтималдығы бар. Жергілікті жерлерде қосымша техниканы жұмылдыруды жоспарлап отырмыз. Препараттар жеткілікті көлемде бар», — деді Дархан Әбдікәрімов.
Ақтөбе және Қостанай облыстарына Ресей Федерациясының аумағынан зиянкестердің ұшып келу қаупі бар шекара маңындағы аумақтардағы жағдай тұрақты бақылауға алынған.
Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғаринге Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстарында шегірткеден қорғау шаралары толығымен аяқталғаны туралы ақпарат берілді.
Абай, Ақмола, Алматы, Атырау, Жамбыл, Жетісу, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында химиялық өңдеу жұмыстары жалғасуда.
Жиын соңында вице-премьер Қостанай және Ақтөбе облыстарындағы мониторингтік зерттеулер қарқынын бәсеңдетпеуді, өңірлерді қосымша техникамен нығайтуды тапсырды.