НовостиИнтервью
Тренд

«Ауыл аманаты» жобасы – ауыл әйелдерінің кәсіпкерлік мүмкіндіктеріне жол ашуда

Шемонайха ауданының тұрғыны, жеке кәсіпкер Айым Қабылбаева «AMANAT» партиясының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы аясында өз кәсібін сәтті бастап отыр.

Жоба бойынша Айым жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие алып, тігін саласында даму бағытындағы жобасын іске асыруда. Алынған 8 миллион теңге қаражатқа заманауи кәсіби жабдықтар — тігін машиналары, вышивальная машина, оверлок, DTF-принтер, түрлі тігін фурнитурасы және қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды.

Бүгінде шағын шеберханада ұлттық нақыштағы және заманауи үлгідегі киімдер тігіледі. Кәсіптің арқасында жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті тұрғындар еңбекпен қамтылуда. Бұл жобаның арқасында ауыл әйелдері өздерінің кәсіби әлеуетін іске асыруға мүмкіндік алады.

Айым Қабылбаеваның айтуынша, жобаның тиімділігі – қолжетімді қаржыландыру мен нақты қолдауда.

«Көп жылдан бері тігін ісімен айналысуды ойладым, бірақ қаражат болмағандықтан бастау мүмкін болмады. Қажетті құрал-жабдық алу қиын еді. «Ауыл аманаты» жобасын естіген соң қатысуға шешім қабылдадым. Енді өз ісімді кеңейтіп, сапалы отандық өнім шығаруды жоспарлап отырмын. Партия мен мемлекетке көрсеткен қолдауы үшін алғысым шексіз», – дейді кәсіпкер.

Қазіргі уақытта кәсіпкердің ай сайынғы таза табысы шамамен 300 мың теңге құрап отыр. Бұл жоба тек ауыл әйелдерінің кәсіпкерлік әлеуетін арттырып қана қоймай, ауылдық экономиканың дамуына, жұмыс орындарының көбейуіне және жергілікті қоғамның тұрақтылығына да үлес қосуда.

Жобаның нәтижелері көрсеткендей, ауыл әйелдері мен жергілікті тұрғындардың кәсіпкерлікке жол ашылуы – өңірдің экономикалық өсімі мен әлеуметтік әл-ауқатын арттырудағы маңызды қадамдардың бірі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button