«Jana Dala/Green Day-2024» Агро көрмесі: Абай облысының мал шаруашылығындағы жетістіктері

Ағымдағы жылдың 17-18 шілде аралығында Ақмола облысында ауыл шаруашылығы саласындағы ірі шара — «Jana Dala/Green Day-2024» көрмесі өтуде. Іс-шараға Қазақстаннан және 20-дан астам алыс-жақын шетелден 200-ден астам компания қатысты. Көрмеде 500-ден астам ауыл шаруашылығы техникасы мен құрал-жабдықтар, асыл тұқымды малдар ұсынылды.
Агроөнеркәсіп кешені мен агробизнес саласындағы 5 мыңнан астам кәсіби маман қатысқан бұл көрме еліміздегі ең ірі демонстрациялық алаң саналады. «Ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары», «Егіншілік», «Мал шаруашылығы», «Тиімді гектар» бағыттары бойынша жаңа технологиялар мен инновациялар таныстырылды.
Мал шаруашылығы бөлігінде қазақтың ақбас тұқымы, герефорд, қалмақ, әулиекөл, ангус секілді тұқымдардан шыққан бұқалар екі жас ерекшелігі бойынша ұсынылды (18 айға дейін және 24 айға дейін).
Абай облысынан қатысқан «Дәурен» шаруа қожалығы ерекше жетістікке жетті. Көрме аясында өткен байқауда «Батпан» атты, 17 айлық, 578 кг тартатын қазақтың ақбас тұқымды бұқасы «Үздік бұқа» номинациясы бойынша жүлделі үшінші орынды иеленді. Сондай-ақ, осы шаруашылықтың тағы бір «Жойқын» атты 17 айлық бұқасы 508 кг салмақпен көрме тарихында алғаш рет аукционда 6 млн теңгеге сатылды.
Бұл селекциялық жетістік өңірдегі мал тұқымын жақсарту мен генетикалық әлеуетті арттыруға өз үлесін қосып отыр.