НовостиСтатьи
Тренд

Өскеменде Бірыңғай көпсалалы ауыл шаруашылығы зертханасының салтанатты ашылу рәсімі өтті

Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров, сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Хань Чуньлин қатысып, екіжақты ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті.

Өз сөзінде облыс әкімі:

«Бүгін өңіріміз бен еліміздің бүкіл агроөнеркәсіптік кешен саласы үшін тарихи әрі маңызды күн. Біз халықаралық стандарттарға сәйкес құрылған Бірыңғай көпсалалы ауыл шаруашылығы зертханасын ашып отырмыз. Зертханалық кешен ғимаратына 800 млн теңгеден астам қаражат бөлініп, толық күрделі жөндеу жүргізілді. Қытайдан әкелінген 66 заманауи зертханалық жабдық орнатылды. Соның нәтижесінде топыраққа, жем-шөпке, тұқымға, суға және мал шаруашылығы өнімдеріне кешенді зерттеу жүргізуге мүмкіндік туды», – деді.

Жаңа зертхана құрамында агрохимиялық, токсикологиялық, микробиологиялық және ветеринариялық бағыттар бойынша арнайы бөлімдер жұмыс істемек. Әрбір зерттеу қатаң сапа стандарттарына сәйкес жүргізіліп, шаруашылықтар үшін нақты әрі жедел қорытындылар ұсынбақ. Бұл өнім қауіпсіздігін арттыруға, аурулардың алдын алуға және ауыл шаруашылығы саласындағы тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.

Халықаралық және қытайлық стандарттарды енгізу арқылы Шығыс Қазақстанда өндірілген өнімдердің сапасы жаңа деңгейге көтеріліп, шетелдік нарықтарға шығуға жол ашылады. Бұл өз кезегінде экспорттық әлеуетті арттырып, өңірдің экологиялық таза әрі сапалы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін аймақ ретіндегі мәртебесін нығайтады.

Салтанатты шара аясында аймақ шаруашылықтарын қолдауға арналған арнайы техника да табысталды. Олардың қатарында дезинфекциялық залалсыздандыру қондырғысы бар 13 «Газель», мал тасымалдайтын 6 арнайы автокөлік, сондай-ақ ветеринариялық қалдықтарды қауіпсіз жоюға мүмкіндік беретін 1 инсинератор бар. Бұл техникалар ауылдық елді мекендерде жылжымалы залалсыздандыру жұмыстарын жедел әрі тиімді жүргізуге мүмкіндік береді.

Мамандықтар мен ветеринариялық қызмет өкілдері аталған жаңашылдықтардың аймақтағы эпизоотиялық ахуалды тұрақтандыруға, аурулардың таралуын алдын ала болжауға және биоқауіпсіздік деңгейін арттыруға берер пайдасы зор екенін атап өтті.

Іс-шара соңында тараптар бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, тәжірибе алмасу және кадр даярлау бойынша ынтымақтастықты тереңдету туралы пікір алмасты. Өңір басшылығының айтуынша, атқарылған жұмыс – аграрлық секторды цифрландыру, жаңғырту және сапалық жағынан дамыту мақсатында жасалған маңызды қадам.

Басқа жаңалықтар

Back to top button