2025 жылғы 29 наурызда ҚР Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласының тұрғындарымен есептік кездесу өткізді. Кездесу барысында вице-министр электр және жылумен жабдықтау, газдандыру, сондай-ақ өңірді отынмен қамтамасыз ету салаларындағы министрліктің негізгі жұмыс қорытындыларын баяндады.
Ерекше назар Риддер жылу электр орталығындағы жағдайға аударылды. Бұрын бұл станция жылыту маусымы кезіндегі жұмысында үзілістерге тап болған еді. Жылумен жабдықтауды тұрақтандыру мақсатында станция коммуналдық меншікке берілді, ал оны жаңғыртуға мемлекеттік бюджеттен 7,4 млрд теңге бөлінді. Жабдықтар мен жылу желілеріне күрделі жөндеу жүргізіліп, тозу деңгейі төмендетіліп, ЖЭО-ның тұрақты жұмысы қамтамасыз етілді.
«Риддер ЖЭО-дағы жағдай ерекше бақылауда болды. Жөндеу және жаңғырту бойынша жедел шаралардың арқасында бүгінде станция қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, ал қаланың жылумен қамтылуы тұрақтандырылды. Дегенмен жабдықтарды одан әрі жаңарту жұмыстары жалғасады», – деді С.Қ. Есімханов.
Электр энергетикасы саласында Шығыс Қазақстан облысындағы негізгі генерация көздері – «Қазцинк» ЖШС, Өскемен су электр станциясы және ЖЭО болып табылады. Өндірілетін электр энергиясы тұтыну көлемінен артық, бұл өңірді тұрақты энергиямен қамтамасыз етеді.
Жаңартылатын энергетика саласында облыста қуаты 66,7 МВт болатын 5 ЖЭК нысаны жұмыс істейді. 2030 жылға дейін тағы 93,3 МВт болатын 6 нысанның құрылысы жоспарланған.
Вице-министрдің айтуынша, ШҚО-ның ауыл шаруашылығы өндірушілеріне жеңілдетілген бағамен 7,1 мың тонна дизель отыны бөлінген. Өңірде бензин мен дизель отыны жеткілікті, ал сұйытылған газ бағасы 102–107 теңге деңгейінде сақталуда.
Өңір үшін газдандыру мәселесі басым бағыттардың бірі болып отыр.
«Шығыс Қазақстан облысын газдандырудың маңыздылығын түсінеміз. Қазіргі таңда екі нұсқа қарастырылуда – «Сарыарқа» магистральдық газ құбырын салуды жалғастыру немесе Ресейден газ жеткізу. Біздің мақсатымыз – өңірді тұрақты әрі қолжетімді энергия ресурстарымен қамтамасыз ету», – деп атап өтті вице-министр.
Кездесу соңында ол барлық көтерілген мәселелер Энергетика министрлігі мен Үкіметтің бақылауында екенін және оларды шешу бойынша жұмыстар жалғасатынын айтты.