Новости
Тренд

ШҚО-да «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында көшет отырғызу жалғасуда

11 қазан күні облыс орталығындағы Амфитеатр аумағында 100-ге жуық шырша мен терек отырғызылды. Бұл іс-шара «Таза Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде ұйымдастырылып, өңір тұрғындарының экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталды.

Шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, қатысушыларға үндеу жасады:
«Бұл бағдарлама тек қоршаған ортаны таза ұстауға ғана емес, халықты еңбекқорлыққа және экологиялық мәдениетке баулуға бағытталған. Барша өңір жұртшылығын белсенді қатысуға шақырып, өскелең ұрпаққа еңбек пен тазалықтың құндылығын көрсету маңызды», — деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, биылғы жылдың басынан бері облыс бойынша «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 46,3 мыңнан астам адам іс-шараларға қатысып, 231 техника жұмылдырылған. Нәтижесінде 3 509 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 2 208 аула тазартылған.

2025 жылға арналған көшет отырғызу жоспары 115,5 мың ағашты қамтиды. Бүгінгі күнге дейін жоспардың 66 пайызы орындалып, 75,6 мыңнан астам көшет егілген. Көшет отырғызу шаралары келешек ұрпаққа таза және жасыл қоршаған ортаны қалыптастыруға үлес қосады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button