Новости

Вице-министр Аманғали Бердалин ШҚО фермерлерімен кездесті

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың тапсырмасы негізінде вице-министрі Аманғали Бердалин Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында фермерлермен кездесті.

Извините, этот текст доступен только на “Қазақ тілі”.

Сапардың негізгі мақсаты балық шаруашылығының қызметімен, көктемгі егіс жұмыстарының барысымен және жалпы АӨК саласындағы жобалармен танысу.

Аманғали Бердалин Өскемен су қоймасы «Шығыс универсал» ЖШС және «Гранд Фиш» ЖШС балық шаруашылықтарының қызметімен танысты. Балық өсірушілермен кездесу барысында вице-министр осы саладағы мемлекеттік қолдаудың негізгі түрлері туралы айтып берді.

«Бүгінгі таңда балық шаруашылығын дамыту үшін ақсерке (форель) тұқымдарын өсіруге арналған жем сатып алуға, құрал-жабдықтар мен техника сатып алуға жұмсалған шығындарды өтеуге субсидиялар берілуде», — деді Аманғали Бердалин.

Сондай-ақ вице-министр «Восток Агро Холдинг» ЖШС серіктестігі тобының Алтай өңіріндегі көктемгі дала жұмыстарының барысымен танысты. Айта кетерлігі, облыста ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 645,1 мың гектарды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,7 мың гектарға артық. Ағымдағы жылдың 9 мамырындағы жағдай бойынша облыста ылғалды ұстау, егіс алдындағы өңдеу және көктемгі жырту жұмыстары аяқталды. Ұлан, Шемонаиха, Глубоковский, Зайсан аудандарында, Алтай өңірінде, Өскемен, Риддер қалаларында егіс жұмыстары басталып кетті.

Жалпы облыс әкімдіктерінің деректері бойынша ағымдағы жылы жалпы егіс алқабы 23,8 млн гектарды құрайды.

Вице-министрдің айтуынша, биыл көктемгі егіс жұмыстарын жеңілдетілген қаржыландыруға 580 млрд теңге бөлінеді, оның 400 млрд теңгесі — бұл қаржы институттарын тікелей субсидиялау тетігі бойынша шаруалар үшін жылдық таза 5% -дық қарыз қаражатының қосымша көлемі.

Аманғали Бердалин өңірдегі СҚО тәжірибесін көбейту бағдарламасы негізінде іске асып жатқан сүт-тауар фермаларына да барды. Қазіргі уақытта ШҚО-да 5 жоба бойынша 8,6 млрд теңге бөлінді, оның бірі – «Мойылды Байқоңыр» сүт-тауарлы фермасы. 1075 бордақы мал басына арналған сүт-тауар фермасының құрылыс алаңы 23,6 га құрайды.

Кездесу барысында вице-министр Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы өнімдерінің барлық түрін қайта өңдеу үлесін 70%-ға дейін ұлғайту жөніндегі тапсырмасын еске салып, бұл ретте сүт-тауарлы фермалар ерекше рөл атқаратынын айтты.

Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин «Алтай» көтерме-тарату орталығының қызметімен танысты, себебі мұндай қоймалар әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын ұстап тұруды және өңірдегі өнімдерді сақтауды қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, эпизоотиялық жағдай мен азық-түлік қауіпсіздігіне бақылауды күшейту мақсатында облыстық ветеринариялық зертханада болды. Мұнда вице-министр екіжақты келісім бойынша Қытай Халық Республикасы тарапынан жабдықталатын зертхана ғимаратының жағдайымен танысты.

Айта кетерлігі, Шығыс Қазақстан облысының жергілікті атқарушы органы ветеринария саласын дамытуға, соның ішінде ветеринария мамандарының жалақысын көтеруге, зертхананы құрал-жабдықтармен жабдықтауға ерекше көңіл бөлуде.

Басқа жаңалықтар

Back to top button