Сьерра-Леоне Қазақстанмен аграрлық секторда ынтымақтастық орнатуға мүдделі
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Сьерра-Леоне Республикасының сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Кабба Тимоти Мусамен кездесті. Келіссөздер барысында екі ел арасындағы экономикалық және аграрлық ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндіктері талқыланды, деп хабарлайды BasAgro.kz.
Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіптік кешен Қазақстан экономикасының ең қарқынды дамып келе жатқан салаларының бірі екенін атап өтті.
«Қазақстан бидай экспорттаушы әлемдегі жетекші 10 елдің қатарына кіреді және ұн экспортында алдыңғы орындарда. 2024 жылы уақтылы қабылданған шаралар мен қолайлы ауа райының арқасында біз рекордтық 26,7 миллион тонна астық жинадық, оның ішінде шамамен 20 миллион тоннасы – бидай. Ауыл шаруашылығы саласында жаңа экспорттық нарықтарды ашу және екіжақты байланыстарды нығайту – Қазақстан үшін басты басымдықтардың бірі болып қала береді. Біз Сьерра-Леонемен жемісті ынтымақтастыққа үміттенеміз», – деді министр.
Кабба Тимоти Муса аграрлық сектордың ел үшін маңыздылығын, әсіресе жаһандық тұрақсыздық, климаттың өзгеруі және азық-түлік қауіпсіздігіне төнетін қауіптердің күшеюі жағдайында ерекше атап өтті.
«Біз Қазақстанмен осы саладағы ынтымақтастық біздің аграрлық секторымыздың тиімділігін арттырып, Сьерра-Леонеде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді деп сенеміз. Біз Қазақстанның үздік тәжірибелері мен технологияларын қабылдауға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында белсенді ынтымақтасуға дайынбыз», – деді ол.
Кездесу соңында Айдарбек Сапаров ауыл шаруашылығы мен азық-түлік қауіпсіздігі салаларында бірлескен жобалардың табысты жүзеге асатынына сенім білдірді.