Жаңалықтар

Шығыс Қазақстан облысының диқандары ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктер мен мәселелерді көтерді

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысында болды. Ол бірнеше шаруа қожалықтарының, агроөнеркәсіп кәсіпорындарының жұмысымен танысып, аймақтың фермерлерімен кездесті.  

Министрдің сапары «Восток-Сүт» сүт өңдеу зауытына барудан басталды. Кәсіпорын сүт және сүт өнімдерінің 80 түрін шығарады: ірімшіктер, сүзбе, май, йогурт және айран. Қазір компания қатты ірімшік цехын кеңейту мен жаңғыртуды аяқтауда. 

Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы сүт өңдеу кәсіпорындары шикізатпен қамтамасыз етілетінін атап өтті. Елімізде Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі бойынша сүт-тауар фермаларының ауқымды құрылысы жоспарланған. 65 жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бөлінді, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысында төрт сүт-тауар фермасын салуна.

Өңірде МТФ табысты жұмыс істеуде. Олардың бірі «Майлы дақылдардың тәжірибелік шаруашылығы» ЖШС-не тиесілі. Ферма бір сиырдан жылына 10 мың литр сүт алатындығымен ерекшеленеді. Сүт өнімділігі республика бойынша орташа деңгейден төрт есе көп. Кәсіпорын жыл сайын 12 мың тоннадан астам сүт өндіреді. Шаруалар АШМ басшысына барлық кезеңдерде автоматтандыру және цифрландыру жүйелерін енгізу және теңдестірілген азықтандыру есебінен осындай көрсеткішке қол жеткізгенін айтты.

Өңірде қуаттылығы 45 мың тонна құрайтын «Алтай» көтерме-тарату орталығы салынуда. Мұнда фермерлерге өнімді сақтау, өңдеу, буып-түю және сату үшін алаңдар ұсынылатын болады. Айдарбек Сапаров жобаны іске асыруды оң бағалады, оның іске қосылуы халықты маусымаралық кезеңде көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

«Жоба ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерден сатушыларға тікелей жеткізуді қамтамасыз етеді, делдалдық тізбекті қысқартады, демек, түпкілікті тұтынушы үшін баға төмендейді», – деп атап өтті министр.

Шығыс Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесуде Айдарбек Сапаров оларды толғандыратын сұрақтарға жауап берді.

«Биылғы жыл қиын болды. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты астықты жинау қиын жағдайда өтті. Дегенмен, біздің фермерлер барлық егінді жинады. Қиын жағдайға тап болған шаруашылықтар үшін мемлекет Басшысының тапсырмасы бойынша айыппұл санкцияларын қолданбай кредиттерді ұзарту жүзеге асырылады. Субсидиялауға қосымша қаражат бөлінді, 150 млрд теңге көлемінде берешек бар, соның 90 млрд теңгесі бөлінді.  Оның 60 млрд теңгесі облыстар бойынша аударылды. Жыл соңына дейін тағы 30 млрд теңге аударамыз. Қалған бөлігі фермерлерге келесі жылдың басында бірінші кезектегі тәртіппен төленетін болады», — деп атап өтті Айдарбек Сапаров.

Басқа жаңалықтар

Back to top button