ЖаңалықтарСұхбат

Сүт бағасы арзандамайды

Қазақтың ең жақсы батасы «ақ мол болсын» дейді. Бұл тоқшылықтың белгісі деп тәпсірлейді. Ал дәл қазір шикізаттың жетпеуінен сүт өңдеу зауыттары жабылып жатыр. Сондықтан бағасы да үнемі өсіп келеді. Себебін ішіміз сезгенімен көкейдегі сұрақтарды Қазақстанның Сүт одағының төрағасы Владимир Кожевниковке қойып көрдік.

-Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік тауарларының барлық түрлерінің бағасы көтеріледі. Сүт өнімдері де шет қалмай, бір секіріп тоқтмады. Тіпті қаймақ сатып алуға қорқатын болдық. Енді алда не күтеміз? Баға әрі қарай көтеріле ме?

-Иә, шынында қаймақ та, сүт өнімдерінің барлық түрлері де 25%- ға қымбаттады. Бұл ең алдымен, әлемдегі геосаяси жағдайға байланысты, жеткізу тізбегі бұзылған.

Кез-келген өнімнің құны көп нәрседен құралады: электр энергиясы, орау материалы, шикізат құны деп кете береді. Олар қымбаттаған кезде өнімдер – сүт, май, қаймақ, сүзбе де өседі. Мысалы, егер бұрын орауыш материалды Ресейден әкелсек, қазір Қытайдан аламыз.

Сосын бағаның 70-75% бөлігі шикізатқа байланысты. Соңғы екі жылда өңделмеген сүт бағасы 60%- ға өсті. Одан әрі өсе ме?! Мұның бәрі компоненттердің құны қаншалықты өзгеретініне байланысты. Бірде-бір санасы бар кәсіпкер бағаны әдейі көтермейді, нарықтағы бәсеке өте жоғары. Бағаны белгілеудің объективті себептері бар. Өкінішке қарай, сүт өнеркәсібінің рентабельділігі нөлге тең болмаса да өте төмен, өндірушілер өте аз пайдаға жұмыс істейді.

-Шикізат неге қымбаттады сонда? Ешқайдан тасымаймыз, өзіміздің өрісте жүрген сиырлар.

-Сиырдың сүті жем-шөбіне байланысты. Сүт көп болу үшін ол дұрыс қоректенуі керек, ол тұнып тұрған шығын. Шөпті өсіру, ору, сақтау, жемді дайындау сияқты кешенді жұмыстар жүргізу үшін материалдық-техникалық база, яғни трактор, комбайн керек. Оның жанар-жағар майын да қосыңыз. Осылар қымбаттаған сайын шикі сүттің де бағасы өседі.

Қазір қайта өңдеу өнімдерін – ірімшік, сүт және майды сатып алу шығындарын субсидиялау бар. Ол өте аз. Айталық, Ресейде, Беларуссияда әлдеқайда көп қаражат бөлінеді. Сосын олар арзан тауар шығарады, ал сен бәсекелесіп көр.

Тағы бір мәселе бар. Ауыл шаруашылығы министрлігі өндірілген өнімге емес, сатылған өнімге субсидия береміз дейді. Мысалы,  ірімшікті мамырдан қыркүйекке дейін шығарып, оны жыл бойы сатамыз. Сонда біздің шығынымыз жазда болады, ал субсидия бөлініп-бөлініп жыл бойы төленеді. Амал жоқ кәсіпорындар фермелерден сүтті несиеге алады. Ол жем-шөпті несиеге алады. Ары қарай жанармай, жалақы деген сияқты қарыз-несие кете береді. Сөйтіп жұмыс істеп тұрған жүйенің быт-шыты шығады.

-Неге олай қылды енді? Бірден берсе болмайды ма?

-Ауыл шаруашылығы министрілігінің (субсидия беретін орган ред.) айтуынша, бұл бағдарламаны іске асыру процесінің ашықтығы — сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің талабы.

-Тағы бір мәселе бар, осы құрғақ сүт ұнтағын әлі де Ресей мен Беларуссиядан сатып алып жүрміз ғой?

-Бұл біз үшін үлкен мәселе. Отандық құрғақ сүт сөреге жетпейді — ол толығымен өндіріске кетеді. Біз тек 3-4% шығарамыз, ал қалғанын импорттаймыз. Өкінішке қарай, бұл сала 90-шы жылдары жоғалды. Құрғақ сүт өндіру үшін көп шикізат қажет. Егер кәсіпорын күніне 5 тонна қабылдап, өңдеуге жіберсе де, бұл тиімсіз. Бір уақытта қостанайлық «Гормолзавод» күніне 1,5 мың тонна сүт өңдесе, оның 900-і құрғақ сүт өндіруге жіберілетін. Мәселені шешу жолдарын іздеудеміз: шикізаттың жеткілікті мөлшерін қалай жинау керектігін ойлаймыз. Бірақ әзірге мұның бәрі тек жобалар. Қанша қалпына келтіруге тырысқанымызбен, нәтиже жоқ. Бизнес осылай жұмыс істейді. Ол кем дегенде ең төменгі пайда табу керек.

-Құрғақ сүт өндірісінің болмауы тағы бір мәселені – шикізаттың жетіспеушілігін көрсете ме?

-Иә, шикізат көлемінің жеткіліксіз. Қағазда емес, іс жүзінде. Статистикаға сәйкес, бізде 6 млн. тонна сүт өндіріледі, ал 1 млн. 600 мың тонна өңделеді. Айырмашылығын көріп отырсыз ба? Қазақстанда өңдеуге жіберілетін барлық сүттің шамамен 70 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтардың аулаларынан келеді және ол өнімнің барлық түрлеріне жарамайды. Мысалы, Қазақстанда балалар тағамын шығару бойынша өндіріс жоқ, өйткені шикізат сапасына қойылатын талаптар өте қатаң. Яғни, бір әже таза, сапасы жақсы сүт әкелсе, ал екіншісі онша болмауы мүмкін. Мұның бәрі бір контейнерде жиналады. Сондықтан бұл сүтпен жұмыс істеу оңай емес: қатаң жылу режимінде тазарту, пастерлеу, ультрапастерлеу жұмыстарын жүргізу қажет. Мұның бәрі өзіндік құнға әсер етеді.

-Сіздің ойыңызша, мәселені қалай шешуге болады?

-Фермалар салу керек. Бізде ыңғайлы және қолжетімді «Агробизнес-2020» бағдарламасы болған. Оған сәйкес өнеркәсіптік және отбасылық үлгідегі сүт-тауар фермаларын көбейтіп, әр фермада сүт өндіру көлемін 1 млн. тоннаға дейін ұлғайту жоспарланған болатын. Алайда, жоспар орындалмады.

-Жоспарымыз көп, алайды орындауымыз аз. Неге?

-Біз бағдарламаларды жазуды үйрендік, енді соны істеп үцренсек қой шіркін. Себеп жалғыз: тәжірибе бар — ақша жоқ. Менің ойымша, әр аймақ үшін ерекшелігіне сай фермалар салынуы тиіс және оны дамытуға ғалымдар қатысуы керек. Оған дейін ауыл шаруашылығының даму динамикасына терең талдау жүргізу қажет. Біз он жылдан астам уақыт бойы мал санағын жүргізген жоқпыз, сондықтан Статистика агенттігі ұсынған деректеріне сенбеймін. Істі бастамас бұрын зерттеу керек, құрдан-құр бағдарлама қабылдай бермей.

-Республикамызда қайта өңдеу кәсіпорындарының саны қанша?

-Соңғы мәліметтер бойынша, 150 кәсіпорын бар, бірақ бұл сан үнемі өзгеріп отырады. Біреу ашылады, біреу жабылады. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, елімізде 90 кәсіпорын бар. Біздің одаққа 42 зауыт кіреді.

-Әңгіменің басына оралсақ. Сіздің ойыңызша, жақын арада сүт өнімдерінің бағасы көтеріледі ме сонымен?

-Мен оптимистпін. Алайда, қазіргі уақытта бағаны төмендейді-ау деп ойламаймын. Жақын арада да арзандамайды. Егер құрамы арзан болмаса өнімде арзан болмайды. Мемлекет қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысады: зейнетақы мен жалақыны индекстеу жүргізіледі, бірақ ол азық-түлік бағасының өсуіне ілесе алмайды. Қазақстанда ет, өсімдік және сүт өнімдерін жоғары сапалы көлемде өндіруде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық мүмкіндіктер бар. Біз ет пен сүтсіз қалмайтынымызды нақты айта аламын. Бірақ қандай бағада екенін айту қиын.

-Әңгімеңізге рақмет. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button