Жаңалықтар

Тәжікстаннан Қазақстанға 6 мың тонна пияз жеткізіледі

Тәжікстаннан Қазақстанға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу туралы келісімдер жасалды, деп хабарлайды basagro.kz «QazTrade» cауда саясатын дамыту орталығына сілтеме жасап.

Қазақстандық бизнес-делегация мен сауда желілерінің өкілдері отандық нарыққа ауылшаруашылығы өнімдерін жеткізу туралы келісімдер жасауға Тәжікстанға жұмыс сапарымен барды.

«Хатлон облысы төрағасының міндетін атқарушы Давлатали Саидпен кездесуде Қазақстанға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізу мәселелері талқыланды. Нәтижесінде маусымаралық кезеңде 6 мың тонна көлемінде ерте піскен пиязды кепілдендірілген түрде жеткізу келісімдеріне қол қойылды. Тәжік тарапы бұл өнімдерді теміржол арқылы тасымалдауға тарифтік жеңілдік жасап отыр», — деді «QazTrade» cауда саясатын дамыту орталығының бас директоры Нұралы Бөкейханов.

Сондай-ақ, спикер Қазақстанға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізудің қосымша көлемі пысықталып жатқанын айтты.

Жұмыс сапарында қазақстандық бизнес-делегация пияз егілген алқаптарды қарап шықты. Тәжікстанның ауылшаруашылығы өндірушілері сапалы өнімді уақтылы жеткізуге уәде беріп отыр. Хатлон облысында пияз жинау сәуір айының ортасында басталады. Бұл әлеуметтік маңызы бар өнім қазақстандық сөрелерге сәуір айының соңы мен мамыр айының басында түседі.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазақстандықтар айына шамамен 25-30 мың тонна пияз тұтынады. Қазіргі уақытта елімізде осы өнімнің қоры – 152,4 мың тонна.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда пиязға ішкі сұранысты қамтамасыз ету мақсатында көршілес елдерден ауыл шаруашылығы өнімінің жаңа өнімі түскенге дейін үш ай мерзімге экспортқа уақытша тыйым салынады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button