Талды тарихи-археологиялық паркінде халықаралық фестиваль өтті
Қарағанды облысының Шет ауданындағы Талды тарихи-археологиялық паркінде «Талды — әлемдік өркениеттер тоғысында» халықаралық археологиялық-этнографиялық фестивалі өтті, — деп хабарлайды BasAgro.kz тілшісі.
Талды тарихи-археологиялық паркінің тарихи-археологиялық ескерткіштерінің бірегейлігін әлемдік және отандық қоғамдастыққа көрсету, бүкіл Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын танымал етуде сұранысқа ие туристік өнім ретінде дамуына ықпал ету фестивальдің басты мақсаттарының бірі болды.
Фестиваль аясында қола балқыту, қыш құмыра жасау, ұлттық киім түрлерін тігу сияқты түрлі бағыттар бойынша шеберлік сабақтары өтті.
Фестиваль бағдарламасына сәйкес облыстың шығармашылық ұжымдарының қатысуымен театрландырылған қойылым мен концерттік бағдарлама және садақ атудан жарыс ұйымдастырылды. Ұмыт болған қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылған көрме, сондай-ақ қазақтың тазылары мен жыртқыш құстардың көрмесі өтті.
Фестивальге қатысушылар мен қонақтар үшін Талды паркінде орналасқан археологиялық ескерткіштер бойынша экскурсиялар ұйымдастырылды. Іс-шара соңында лазерлік шоу көрсетілді.