«Таза Қазақстан» бастамасы жастарды біріктіріп, ұлттың жаңа өмір салтына айналуда
Қазақстанда экологияны қорғауға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық бастамасы жалғасын табуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы аттас экологиялық фестивальде сөйлеген сөзінде бұл бастаманың маңыздылығына ерекше тоқталып, бүкіл ел бойынша азаматтардың белсенді қатысуына алғысын білдірді, деп хабарлайды BasAgro.kz.
Президент өз сөзінде:
«Тазалық әр адамнан, әр үйден басталуы керек. «Таза Қазақстан» – бұл бір реттік акция емес, бұл – жаңа өмір салтымыз. Табиғатты қорғау идеясымен ұйысып, ел болып жұмылғанымыз қуантады. «Бүкіл қазақстандық ағаш егу күні» секілді игі дәстүрлер қалыптасып жатыр. Соңғы үш күнде ел көлемінде 4,5 миллионға жуық көшет отырғызылды. Бұл – орман байлығымызды арттырудағы нақты қадам», – деді.
Осы жалпыхалықтық бастамаға елордалық жастар да үн қосты. Астанадағы Орталық саябақта жастар жиналып, «Таза Қазақстан» республикалық челленджін қолдап, тұрғындарды тазалықты сақтауға, сенбіліктерге қатысуға және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырды.
«Жер амбассадорлары» қозғалысының белсендісі Темірлан Макубаев:
«Әрқайсымыздың кішкентай әрекетіміз – үлкен өзгерістердің бастауы. Қоқысты дұрыс тастау, айналаны таза ұстау, табиғатты аялау – еліміздің жарқын болашағына қосқан үлесіміз. Барша қазақстандықтарды, әсіресе жастарды тазалық мәдениетін насихаттауға шақырамыз», – деді.
Айта кетейік, 26 сәуірде елордада «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты жалпықалалық сенбілік өтеді. Бұл шара – экологиялық мәдениетті арттыру мен ел тұрғындарының табиғатқа деген жауапкершілігін күшейтудің жарқын үлгісі.
«Таза Қазақстан» – тек тазалық емес, бұл – ұлттың бірлігі мен болашағына бағытталған жаңа құндылық.