Жаңалықтар

Тоқаев Қытаймен бірлескен азық-түлік хабын құруды ұсынды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия-Қытай» бірінші саммитіне қатысты. Президент бүгінде Қытай әлемдік держава мәртебесін нығайтуды жалғастырып жатқанын және жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде шешуші рөл атқаратынын, экономикалық және технологиялық дамудың локомотиві болып табылатынын атап өтті, деп хабарлайды basagro.kz.

Президент ауыл шаруашылығы саласындағы ықпалдастықты дамыту маңызды екеніне тоқталды. Қазақстан агроөнеркәсіп өнімдерінің экспортын арттыруға және оның түрлерін көбейтуге мүдделі.

– Еліміз бидай және ұн өндіретін әлемдегі ең ірі он елдің қатарына кіреді. Жыл сайын 5 миллион тоннадан астам бидай мен 1,5 миллион тонна ұн экспорттаймыз. Шаруаларымыз сыртқа шығарылатын дәнді және майлы дақылдардың көлемін арттыруға дайын. Олар экологиялық жағынан таза әрі жоғары сұрыпты ет пен органикалық өнімдерді де көптеп жеткізе алады. Есесіне, бау-бақша өнімдері мен азық-түлік тауарларын тұрақты сатып алуға мүдделіміз. Біз мемлекеттеріміздің аграрлық әлеуетін тиімді пайдалануымыз керек. Сонда елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігін айтарлықтай нығайтамыз. Бұл қадам бәріміздің мүддемізге сай келеді. Осы ретте мен «Қорғас» халықаралық сауда орталығында Бірлескен азық-түлік хабын құруды ұсынамын. Агроөнеркәсіп саласында цифрлық және «жасыл» технологияларды енгізу мәселесіне баса мән берген жөн. Бұл істе қытайлық серіктестеріміздің тәжірибесі мен мүмкіндігі аса қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесін ынтымақтастықтың келесі басым бағыт ретінде атап өтті. Президент Орталық Азия елдерінің тұщы су тапшылығына ұшырау қаупі жоғары деп санайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегіне сәйкес, 2050 жылға қарай 5 миллиардтан астам адам ауызсуға мұқтаж болуы мүмкін.

– Климаттың өзгеруіне байланысты біздің аймақтың басты су көзі саналатын мұздықтар да күрт азайып барады. Осы жағдай Орталық Азияның азық-түлік, энергетика және экология қауіпсіздігіне едәуір қатер төндіреді. Сондықтан бірлесіп шұғыл шаралар қабылдауымыз қажет. Су ресурстарын өзара келісіп, ұтымды пайдалану біз үшін өте маңызды. Суды үнемдеп жұмсауға және жер суаруға қатысты тиімді цифрлық тәсілдерді қолданысқа енгізудің орны бөлек. Қытай бұл салада зор табысқа жетті. Сол үшін Қытаймен бірге су шаруашылығы саласына жаңа технология енгізу жоспарын әзірлеуді ұсынамын, – деді Президент.

Басқа жаңалықтар

Back to top button