Төрт түлік малға идентификация жасайтын ақпараттық жүйе іске қосылады
Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіретін ақпарат жүйесі іске қосылады. Бұл жайында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабектің Мәжілістің таратылған 7-шақырылым депутаттарының сауалына берген жауабында айтылған, деп хабарлайды basagro.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
«Қазіргі уақытта «Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру» ақпараттық жүйесінің мобильді қосымшасы әзірленді. 2022 жылдың 27 қыркүйегінде мобильді қосымша Мемлекет басшысына Digital Bridge форумында таныстырылды, ол оны мақұлдады және ветеринарлардың жұмысын оңтайландыру үшін жұмысқа қосуды тапсырды. Мемлекет басшысы мақұлдаған мобильді қосымша ветеринария мамандарының жұмысын оңтайландыру үшін Батыс Қазақстан облысында пилоттық режимде тестілеуден өткізілді»,- деп атап өтеді вице-министр жауабында.
Оның атап өтуінше, тестілеу нәтижесінде анықталған олқылықтарды жою бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Ветеринариялық қауіпсіздік» модулін модификациялау бойынша жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, жаңартылған бизнес-процестерді ескере отырып, жаңа архитектураға жаңа бағдарламалау тіліне қайта жазылды. Демонстрациядан сәтті өткізілді. Қазіргі уақытта жүйені тестілеу жүріп жатыр. 2023 жылдың бірінші тоқсанында іске қосу жоспарлануда. Техникалық жұмыстардың қорытындысы бойынша қолданыстағы нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізіледі», — деді ол.