Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: АҒЫН СУДЫ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНУ МӘСЕЛЕСІ КҮН ТӘРТІБІНЕ ШЫҚТЫ

Түркістан облысында су ресурстарын басқару және ағын суды ұтымды пайдалану мәселесі күн тәртібіне шықты. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен арнайы мәжіліс өтіп, онда Арыс, Кентау қалалары мен Түлкібас, Сайрам, Сауран, Ордабасы, Отырар аудандарының әкімдері, салалық басқарма өкілдері мен су мамандары бас қосты.

Жиында биылғы көктем мен жаз мезгіліндегі жауын-шашынның аздығы, өзен-көлдер мен су қоймаларындағы су көлемінің күрт төмендегені алаңдаушылық туғызатыны айтылды. Мәселен:

  • Арыс өзені арқылы келетін су көлемі былтыр секундына 55 м³ болса, биыл бар болғаны 13 м³-қа әрең жетіп отыр;

  • Бөген су қоймасындағы судың нақты көлемі былтырғы 339 млн м³ болса, биыл бұл көрсеткіш 230 млн м³ шамасында ғана.

Бұл көрсеткіштер өңірдегі егін шаруашылығы мен мал азығын дайындау барысына тікелей әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан ағын суды тиімді бөліп беру, оның ысырапсыз әрі әділ таратылуын қамтамасыз ету – күн тәртібіндегі ең маңызды мәселенің бірі болып отыр.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков:

– Ағын суды бей-берекет босатуға мүлде жол бермеу керек. Әр ауылдық округ пен әрбір шаруашылықтың қажеттілігін есепке алып, бақша және егін дақылдарының өсу кезеңдерін ескере отырып, суды кезекпен беру керек. Бұл – диқандардың адал еңбегін сақтап қалудың жалғыз жолы. Біз бұл күрделі кезеңді тек өзара түсіністік пен ынтымақтастық арқылы ғана еңсере аламыз, – деді.

Сондай-ақ жиында:

  • Ағын су босату кезектілігін нақтылау;

  • Су мұраптарының жұмысына бақылауды күшейту;

  • Құрғап бара жатқан жерлерге су ұңғымаларын қосымша қазу;

  • Шаруалармен алдын ала келісім жасау арқылы су беру кестесін бекіту;

  • Тамшылатып суару және басқа да үнемді технологияларды жедел енгізу ұсынылды.

Су мұраптарына ерекше жауапкершілік жүктеліп, олардың егіс науқанындағы жұмыстары жіті қадағаланатыны ескертілді. Сонымен қатар әрбір аудан әкімдігіне жергілікті шаруалармен тікелей жұмыс істеу, су мәселесінде ашық әрі тиімді коммуникация орнату тапсырылды.

Жиын соңында Нұрбол Тұрашбеков облыс әкімдігі тарапынан барлық қажетті шаралар қабылданатынын, алайда бұл бағыттағы жұмыстың табысты болуы жергілікті билік пен шаруалар арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастыққа байланысты екенін атап өтті.

Басқа жаңалықтар

Back to top button