Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДА ЖҮЗІМ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚАЙТА ЖАНДАНУДА

Түркістан облысы Жетісай ауданында ауыл шаруашылығының бір бағыты – жүзім өсіру қайта жанданып келеді. Бұл салада көзге түскен табысты шаруашылықтардың бірі – «Erte-Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Аталған шаруашылық Жылы су ауылдық округінде орналасқан. Бүгінде мұндағы өнімдер республика көлемінде жоғары сұранысқа ие болып отыр.

Шаруашылық 2017 жылы құрылып, 2018 жылдан бастап кәсіби деңгейде жүзім өсірумен айналысып келеді. Сол жылы Украинадан арнайы әкелінген 9 түрлі асханалық жүзім сұрыптары 40 гектар жерге егілді. Атап айтсақ, «Аркадия», «Лидия», «Байқоңыр», «Анюта», «Велес», «Кодрянка», «Преображение», «Академик», «Дубовский» сұрыптары бүгінде мол өнім беріп отыр. Барлық жүзім алқаптары заманауи тамшылатып суару әдісімен суғарылады, бұл – өнім сапасын арттыруға және су ресурстарын үнемдеуге айтарлықтай үлес қосып келеді.

«Біздің мақсат – сапалы әрі экологиялық таза өнім өндіру. Шаруашылық жұмысын бастағанда түрлі қиындықтар болғанымен, бүгінде тұрақты нарық қалыптасып, өнімдеріміз Түркістан және Шымкент қалалары арқылы Қазақстанның өзге өңірлеріне жөнелтіледі. Жетісайдың климаты жүзім өсіруге өте қолайлы. Сондықтан да біз бұл істі әрі қарай дамытуды көздеп отырмыз», – дейді шаруашылық басшысы Сұлтан Ерболұлы.

Қазіргі таңда «Erte-Agro» серіктестігінде 10 тұрақты жұмысшы еңбек етеді. Маусымдық уақытта бұл сан бірнеше есеге артады. Еңбеккерлерге тұрақты жалақы төленіп, өнім бағасына қарай табыс көлемі де өсіп отырады. Бұл ауыл тұрғындары үшін қосымша табыс көзі болып отыр.

Аудан әкімі Серік Мамытов аталған шаруашылыққа арнайы барып, жүзім өсіру барысымен танысты. Шаруашылық жетекшісімен кездесу барысында ол мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктерін жан-жақты түсіндіріп берді. «Біз ауданымызда ауыл шаруашылығы салаларын дамытуға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Жүзім шаруашылығы – тек табыс көзі ғана емес, бұл ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс орындарын ашуға, агроөндірістік әлеуетімізді арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекет тарапынан агроөндіріске көрсетілетін қолдау түрлері аз емес – субсидия, жеңілдетілген несие, инфрақұрылым тарту. Бұларды тиімді пайдалана білсек, Жетісай өңірі жүзім шаруашылығынан еліміз бойынша көш бастап кетуі әбден мүмкін», – деді аудан басшысы.

Айта кетейік, қазіргі таңда Жетісай ауданында жалпы көлемі 466,8 гектар алқапта «Киш-миш», «Тайфи розовый», «Гүзәл қара», «Мұскат Александровка», «Сұлтанка ақ», «Жүзім патшайымы» секілді сұрыптар өсірілуде. Бұл өнімдер тек аудан аумағындағы сұранысты ғана емес, көршілес өңірлердің де қажетін өтеп отыр.

Сонымен қатар, аудан әкімдігі тарапынан агросекторды цифрландыру, фермерлерді оқыту, өнім сақтау қоймаларын салу, экспортты арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту арқылы жүзім шаруашылығының көлемі алдағы уақытта еселеп артатынына сенім мол.

Жүзім – тек дәмді жеміс қана емес, бұл – үлкен еңбек пен табандылықтың жемісі. Жетісайлық дихандар бұл саланы қайта түлетіп, жаңа деңгейге көтеріп келеді. Ал олардың еңбегі – ел экономикасының іргетасы болары анық.

Басқа жаңалықтар

Back to top button