ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙДЫҢ АЛҒАШҚЫ ҚАУЫНДАРЫ РЕСЕЙГЕ ЖӨНЕЛТІЛУДЕ
Түркістан облысының ауыл шаруашылығында көш бастап тұрған аудандардың бірі — Жетісайда маусымдық өнім жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Ерте пісетін бақша өнімдерінің алғашқы легі — қауындар бүгінгі күні Ресей Федерациясына экспортталып жатыр. Бұл Жетісайдың агроөнеркәсіп саласының халықаралық нарыққа бағытталып отырғанының айқын көрінісі.
Аудан диқандары биыл 79,3 мың гектар суармалы алқаптың:
-
43 мың гектарына — мақта шиті,
-
16,7 мың гектарына — бақша дақылдары,
-
7,5 мың гектасына — дәндік жүгері,
-
3,6 мың гектасына — көкөніс,
-
6,7 мың гектасына — малазықтық дақылдар еккен.
Бүгінгі таңда 36 мың тонна көкөніс өнімі жиналып үлгерді. Ал қауын өнімдері де ерте пісіп, нарыққа шығарылып жатыр. Бұл жетістіктер Жетісайдағы еңбекқор диқандардың жүйелі жұмысының нәтижесі.
15 жылдан бері бақша өсірумен айналысып келе жатқан «Әл-Фараби» шаруа қожалығының басшысы Әл-Фараби Күзенбаев биыл Ж.Ералиев ауылдық округіндегі 50 гектар жерге қауынның «Нұр-Бакинка» және «Дампера» атты сұранысқа ие сорттарын еккен. Сонымен қатар 250 гектар алқапқа мақта шитін сеуіп, әртараптандырылған шаруашылықты жүргізуде. Шаруаның айтуынша, қауын көшеттері 65 күнде пісуі тиіс болғанымен, ауа райының ерекшеліктеріне байланысты 70 күнде өнім берді. Дегенмен бұл экспорт жоспарына әсер еткен жоқ.
Қазірдің өзінде 100 тонна қауын Ресейге жөнелтілді. Қауын бағасы – келісіне 400 теңге, бұл жергілікті фермерлер үшін тиімді сауда бағамы саналады. Ең бастысы — өнім делдалсыз, тікелей егістік басынан экспортқа жіберілуде. Бұл тәсіл шаруаның табысын арттырып қана қоймай, ауыл тұрғындарына да қосымша табыс көзі болып отыр.
30-ға жуық жергілікті тұрғынды жұмысқа тартып отырған қожалықта әр жұмысшыға күніне 8–12 мың теңге көлемінде жалақы төленуде. Әл-Фараби Күзенбаев гектарына орта есеппен 400 центнер өнім алуды жоспарлап отыр. Мұндай жоғары өнімділікке жету үшін ол заманауи агротехнологияларды, су үнемдеу тәсілдерін және қолайлы агроклиматтық жағдайларды тиімді пайдаланып отыр.
Айта кету керек, өткен жылы Жетісай ауданында жалпы:
-
110 мың тонна мақта,
-
549 мың тонна бақша өнімдері,
-
88,8 мың тонна көкөніс,
-
46,1 мың тонна дәнді және бұршақты дақылдар,
-
67,7 мың тонна малазықтық өнім жиналған.
Бұл көрсеткіштер ауданның ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетінің артып келе жатқанын дәлелдейді. Жетісайлық шаруалардың тәжірибесі мен еңбекқорлығы, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың арқасында Түркістан облысы еліміздің басты агроөндірістік орталықтарының біріне айналып отыр.