ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АЛҒАШ РЕТ 32 МЫҢ ГЕКТАР ЖЕРГЕ ТАМШЫЛАТЫП СУЛАУ ЖҮЙЕСІ ЕНГІЗІЛДІ

Түркістан облысында алғаш рет еліміз бойынша ауқымды жаңалық – бір мезетте 32 мың гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясы енгізілді. Бұл бастама облыстағы мақта шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп, агроөнеркәсіптік кешеннің қарқынды дамуына серпін бермек.
Отырар ауданында «Мақтаны жаңа технология бойынша егу тиімділігі» атты облыстық семинар-кеңес өтті. Жиынды облыс әкімдігі облыстық прокуратура, ауыл шаруашылығы басқармасы, Отырар және Арыс аудандарының әкімдіктері, сондай-ақ «Түркістан» ӘКК-мен бірлесіп ұйымдастырды. Семинардың мақсаты – заманауи агротехнологияларды енгізу арқылы еңбек өнімділігін арттыру, су үнемдеу тәсілдеріне үйрету, тыңайтқыштарды тиімді пайдалану жолдарын түсіндіру және мақта өндірісінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
ОБЛЫС ӘКІМІ: «СУ РЕСУРСТАРЫНЫҢ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНЫЛУЫ – БҮГІНГІ КҮН ТАЛАБЫ»
Семинарды облыс әкімі Нұрлхан Көшеров ашып, өз сөзінде аграрлық сектордың аймақ халқы үшін аса маңызды екенін атап өтті.
«Бүгінде Түркістан облысында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 1 триллион теңгеден асып отыр. Республика бойынша көш бастап тұрмыз. 90 мыңға жуық агроқұрылым бар, бұл — ел бойынша 31 пайыз. Сондықтан ауыл шаруашылығын дамыту – бір миллионнан астам тұрғынның әлеуметтік әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Су тапшылығы – жаһандық проблемаға айналды. Бұл мәселені біз аймақта кезең-кезеңімен шешудеміз. Биыл су үнемдеу технологияларын 27 мың гектарға енгізу жоспарланған еді, бірақ 59 мың гектарға жеттік. 2030 жылға дейін суармалы жердің 50 пайызы осы жүйеге көшіріледі», — деді әкім.
МАҚТАНЫҢ ӨНІМДІЛІГІ 3 ЕСЕГЕ АРТАДЫ
Жаңа технологияның артықшылығы айқын: дәстүрлі әдіспен гектарынан 25 центнер өнім алынатын болса, тамшылатып суару арқылы бұл көрсеткіш 60 центнерге дейін көтеріледі. Сонымен қатар, суды үнемдеп, тыңайтқыштардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік туады.
Семинар аясында қатысушылар «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС мақта алқабын аралап, жұмыс барысымен танысты. Онда фермерлерге арналған тұқым, көшет, органикалық және минералды тыңайтқыштар, биологиялық агенттер, агродрондар, гербицидтер мен пестицидтердің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
ІРІ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБА: ТЕКСТИЛЬ КЛАСТЕРІ ҚҰРЫЛАДЫ
2025–2026 жылдары Түркістан облысында Қазақстанда теңдесі жоқ толық циклды мақта-тоқыма кластері құрылмақ. Бұл – еліміздегі ең ірі инвестициялық жоба. Жоба аясында төрт мақта өңдеу және толыққанды тоқыма кешені салынады. Ол егістен бастап, мата бояу мен дайын өнімді өңдеуге дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Мұнда тек жергілікті тұрғындар еңбек етеді.
Бүгінде облыста заманауи тамшылатып суару технологияларын өндіретін төрт кәсіпорын жұмыс істеуде:
- «BNK Group LTD» — жылына 1000 жаңбырлатқыш техника (50 мың гектарға дейін),
- Тамшылатып суару жүйесін өндіретін зауыт — 14 мың гектарға,
- «Тұран су» ШЖҚ КМК — 9000 гектарға,
- «XINJANG IRRIGATION» компаниясы — 40 мың гектарға арналған жабдық шығарады.
САЛА САРАПШЫЛАРЫНЫҢ ҰСЫНЫСТАРЫ
Кеңесте облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев Мемлекет басшысының инвестицияларды қорғау жөніндегі тапсырмасының орындалу барысын баяндады. Ал «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС бас директоры Ян Цивэнь жоғары санатты мақта тұқымының өндірісі мен пайдалануына тоқталды.
«Хлопково-бахчевая тәжірибе станциясы» ЖШС басшысы Амандық Қостақов отандық мақта сортын жетілдіру жолдарын ортаға салса, «Таймас 2024» ЖШС басшысы Болат Құрақбаев Отырар ауданындағы мақта егу тәжірибесін бөлісті. «БНК АГРО» ЖШС директоры Ниязалы Бейсенбаев су үнемдеу технологиясының тиімділігі жөнінде баяндама жасады.