Түркістан облысында еліміздегі ең ірі жылыжай кешені салынуда
В Келесском районе Туркестанской области начато строительство крупнейшего в стране тепличного комплекса.
Бұл жылыжай қазақстандық инвесторлардың, Қазақстанның Даму Банкінің (ҚДБ) қатысуымен және ресейлік «ЭКО-культура» холдингінің зияткерлік және технологиялық қолдауымен құрылған. Жедел басқаруды орталықтандырылған қазақстандық басқарушы компания жүзеге асыратын болады.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Ақтөбе ауылдық округінде орналасқан «ECOCULTURE-EURASIA» ЖШС-не барып, компанияның өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында өңір басшысы бұл жобаның аса маңызды екенін айтып, аймақта агроөнеркәсіп кластері дамитынын жеткізді. Жобаны жан-жақты қолдауға дайын екендігін атап өтті. Сонымен қоса, өңір басшысы жылыжайдың құрылыс жұмыстарының барысын да бақылады.
Осы жобаны іске қосу арқылы өңірде ішкі нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету көлемін арттыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықтың әл-ауқатын көтеру міндеті жүктелген. Бұл әріптестік жоба агросаланы дамытуға серпін беріп қана қоймай, жергілікті халықты тұрақты жұмыспен, жоғары жалақымен қамтымақ.
500 гектар аумақта орналасатын өнеркәсіптік жылыжайлар жобасы «ЭКО-культура» компаниясының қолдауымен жүзеге асады. Жоба екі кезеңмен жүзеге асырылуда. 1 кезеңінің құрылысы 2023 жылы басталды. 2025 жылдың ІІ тоқсанында аяқталады. Ал екінші кезеңінің құрылысы 2025 жылдың ІІІ тоқсанында тапсырылмақ.
Жылыжай кешенінің жалпы ауданы 51,88 гектарды құрайды. Салынып жатқан нвестициялардың жалпы көлемі 42 млрд. теңгеден аспақ. Жоспарланған өндіріс көлеміне келсек, жоба толық жүзеге асқанда жылына 27 мың тонна көкөніс өсіреді. Мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
Жылыжай кешенінің бірқатар артықшылықтары бар. Мәселен, мұнда бір уақытта әртүрлі қызанақтың және басқа да дақылдардың 12 буданы мен сұрыбын өсіруге болады. Жылдың кез келген уақытында жаңа, дәмді және пайдалы көкөністер береді. Нарықтағы сұранысқа сай өнім түрін және көлемін өзгерту мүмкіндігі бар.
Заманауи жылыжай кешендері жылыту жүйесі мен салқындатуды реттейтін, жарық режимін, тамшылатып суаруды, атмосферадағы көмірқышқыл газының мөлшерін басқаратын заманауи автоматтандырылған климаттық бақылау жүйесімен жабдықталады деп жоспарланған.
Айта кетейік, Түркістан облысында Мемлекет басшысының инвестиция тарту бағытындағы тапсырмасына байланысты қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Облысқа жыл басынан 888,5 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17,7%-ға артты. Ал жыл басынан бері тікелей шетелдік инвестиция көлемі 685 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар 1,5 есеге артығымен орындалды.