Жаңалықтар
Trending

Түркістан облысында марокко шегірткесіне қарсы 350 мың гектардан астам жер өңделді

Кеше, 5 мамырда Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров жұмыс сапары барысында Түркістан облысында марокко шегірткесіне қарсы жүргізіліп жатқан шаралармен танысты.

Болжамға сәйкес, 2025 жылы өңірде үйірлі шегіртке зиянкестерінің таралуы 192 мың гектар аумақты қамтиды деп күтілуде. Алғашқы ошақтар сәуір айының басында тіркеліп, 6 сәуірден бастап ауыл шаруашылығы алқаптарында химиялық өңдеу жұмыстары басталды.

Бүгінгі күнге дейін 350 мың гектардан астам жер өңделді. Іс-шараларға агродрондарды қоса алғанда, 193 бүріккіш техника және мониторинг пен фитосанитарлық бағалау жүргізетін 980 маман тартылған.

Министр жұмыстардың сапасына, әсіресе жоғары технологиялық жабдықтарды қолдану аясында, қатаң бақылау жүргізу қажеттігін атап өтті:

«Препараттар жеткілікті, техника, соның ішінде дрондар бар. Бақылауды күшейтіңіздер. Барлық өңдеу жұмыстары сапалы әрі уақытылы орындалуы тиіс. Шегіртке қанаттанып үлгермеуі керек», — деді Айдарбек Сапаров.

Айта кетейік, 2024 жылы шегірткелердің таралуына қатысты болжам 271,6 мың гектарды құрағанымен, күрес шаралары шамамен 390 мың гектар аумақты қамтыды. Химиялық өңдеу заманауи техника мен жоғары тиімділігі бар препараттар арқылы оңтайлы мерзімде жүргізіліп, жоғары биологиялық тиімділікке қол жеткізілді.

Мамандардың үйлесімді және кәсіби жұмысының арқасында ауыл шаруашылығы дақылдарының зақымдануының алдын алынып, зиянкестердің көршілес мемлекеттердің шекаралас аумақтарына өтуіне жол берілмеді.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button