Түркістан облысында қауын-қарбыз маусымы басталды: Тартоғайлық диқандар алғашқы өнімін нарыққа шығарды
Түркістан облысында жаздың шырайлы сүйіншісі — қарбыз маусымы басталды. Ең алғаш болып өз өнімін нарыққа Бозай ауылдық округіне қарасты Тартоғай ауылындағы «Жүсіпбек» шаруа қожалығы шығарды. Заманауи агротехнологиялар мен тамшылатып суару әдісінің арқасында биыл өнім әдеттегіден бір апта ерте пісті.
Қожалық 25 гектар суармалы жерге қарбыз егіп, бүгінде алғашқы өнімін жинауда. Басшы Жүсіпбек Аширбековтің айтуынша, қарбыздардың орташа салмағы — 10 келі, ал ең ірілері — 15 келіге дейін жетеді. Қазіргі уақытта қарбыздар килограммы 200 теңгеден сатылуда, және оған деген сұраныс жоғары.
— Біз жаңа технологияларды қолдану арқылы ерте әрі сапалы өнім алуға тырысамыз. Бұл — бизнес үшін тиімді, ал ауыл тұрғындары үшін — қосымша табыс көзі. Маусым кезінде біз күн сайын 40-қа жуық адамды жұмысқа тартамыз, — деді шаруа қожалығының басшысы.
Ауыл тұрғындары үшін бұл уақытша табыс көзі болса, кәсіпкер үшін — өнімділікті арттырудың бір жолы.
Айта кетейік, өткен жылы Келес ауданында 22 871 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген болатын. Жалпы өнім көлемі 70,1 миллиард теңгені құрады. Ал биылғы жылдың алғашқы үш айында бұл көрсеткіш 7,6 миллиард теңгеге жетті.
Сонымен қатар, ауданда су ресурстарын тиімді пайдалануға бағытталған жаңбырлатып суару технологиясы да белсенді түрде енгізілуде. Бұл әдіс құрғақшылық жылдары да тұрақты өнім алуға мүмкіндік береді.
Түркістан облысының базарларында алғашқы қарбыздың сатылуы — жай ғана жаздың басталуы емес, сонымен қатар өңірдегі ауыл шаруашылығының қарқынды дамып жатқандығының айқын көрінісі.