Жаңалықтар

Түркістан өңірінде «Ауыл аманаты» жобасымен түрлі түсті форель балығы өсірілуде

«AMANAT» партиясы бастамашы болған «Ауыл аманаты» жобасы бүгінде ауылдықтарға үлкен үміт сыйлап келеді. Пилоттық жоба ретінде басталып, сәтті жүзеге асқан бағдарламаның биылғы қаражатының басым бөлігі су үнемдеу, құс, балық, мал шаруашылығына берілмек. Жобаға қатысуға ниеттілер бекітілген талапқа сай құжат тапсырып, жеңілдетілген 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізу арқылы кәсібін дөңгелете алады.

«Ауыл аманаты» жобасымен биылғы қаржыландыру жұмыстары таяу күндері басталады деп күтілуде. Осы орайда Созақ ауданы Шолаққорған ауылының тұрғыны Шора Ерназаров аталған бағдарлама аясында 8,6 млн. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, Көкбұлақ қойнауында орналасқан өзінің жеке тоғанына 5 мың кемпірқосақ форелінің шабақтарын әкеліп салды. Ауылдықтар үшін жаңалық болған бұл бастамаға қолдау білдіріп жүрген топ тоғанға форель шабағын жіберу сәтіне қатысып, кәсіпкерге сәттілік тіледі. Балық шаруашылығымен айналысуды қолға алған кәсіпкер алдағы уақытта екінші қосымша тоғанына 12 мың сазан шабағын салуды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, форель лосось тұқымдасына жататын тұщы су балығы саналады. Әлемде танымал форелдердің қатарына жататын балық ақшыл-қызғылт түсті, еті жұмсақ. Негізінен бұл балық түрін оның бүйіріндегі ашық қызыл жолағы арқылы айыруға болады. Ауданға әкелінген бұл балық түрі Балтық елдерінің көптеген су қоймаларында, сондай-ақ Қара теңізге құятын өзендерде кең таралған. Өзен сағаларында, таулы өзендерде бассейндер мен тау өзенінде жүзгенді ұнататын, әрі қыс мезгілінде ұрық шашатын кемпірқосақ форелі Созақ ауданының табиғатына жерсініп кетеді деген сенім бар.

«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған.

«Ауыл Аманаты» жобасының негізгі қаржыландыру бағыттары:

1) Өңдеу саласына қатысты жобалар;

2) Өсімдік шаруашылығын дамыту;

3) ауыл шаруашылығы коперативтерін жабдықтау;

4) мал шаруашылығын дамыту;

5) басқа бағыттағы бизнес жобалар;

Несиенің негізгі шарттары:

1) шағын несие мерзімі 5 жылға дейін; мал шаруашылығындағы жобалар үшін 7 жылға дейін;

2) шағын несиенің ең жоғарғы сомасы — ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда 2,5 АЕК, яғни (8.6 млн теңге), зәкірлік кооперация – шағын және орта шаруа (фермерлік) қожалықтары және/немесе ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін 8 мың АЕК (27.6 млн теңге) дейін;

3) сыйақы мөлшері жылына 2.5 пайыздан аспайды;

Несие талаптары:

1) несие алушы жеке кәсіпкер ретінде тіркеуде болуы тиіс;

2) басқа несиелері бойынша мерзімі өткен жарналар болмауы керек;

3) Мемлекеттік кірістер органдарында берешек болмауы тиіс;

4) кепілмен қамтамасыз ету;

5) зейнет жасына жетпеген;

6) Ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жағдайдың (жер телімі, қораның) болуы қажет;

Басқа жаңалықтар

Back to top button