ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШ АУДАНЫНДА ЕРТЕ ПІСЕТІН КАРТОП ЖИНАУ НАУҚАНЫ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысындағы аграрлық әлеуеті жоғары аймақтардың бірі – Сарыағаш ауданында көктемгі еңбек қарқыны қызу жүріп жатыр. Аудан диқандары биыл 2,1 мың гектар жерге ерте пісетін картоп егіп, бүгінде алғашқы өнімдерін жинауға кірісті.
Ерте картоптың алғашқы өнімдері Қабланбек, Құркелес, Жартытөбе және Тегісшіл ауылдық округтеріндегі алқаптардан жиналуда. Шаруалар көктемгі егіс жұмыстарына жоғары дайындықпен кірісіп, ауа райының қолайлы сәтін тиімді пайдалана білді. Алынған өнім облыс ішінде ғана емес, еліміздің өзге өңірлеріне де жөнелтіледі, сондай-ақ экспортқа шығару әлеуеті де қарастырылуда.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі таратқан мәліметке сәйкес, биылғы жылы Сарыағаш ауданында жалпы 75,7 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде:
-
51,1 мың гектар – дәнді және майлы дақылдар (бидай – 40,5 мың га, жүгері – 1,5 мың га, арпа – 7,9 мың га, күнбағыс – 224 га, мақсары – 910 га);
-
10,6 мың гектар – көкөніс;
-
479 гектар – бақша өнімдері;
-
11,5 мың гектар – мал азығы дақылдары.
Бұл көрсеткіштер ауданның азық-түлік қауіпсіздігіне қосып отырған үлесін көрсетеді. Ерте пісетін өнімдер – елдегі нарықты маусымдық өніммен қамтамасыз етудің және бағаны тұрақтандырудың тиімді жолы. Картоп – халық жиі тұтынатын азықтың бірі болғандықтан, оның қолжетімді болуы — әлеуметтік маңызды фактор.
Аудан әкімдігі мен агроқұрылымдар егін егу мен жинау жұмыстарына заманауи технологияларды енгізіп, су үнемдеу жүйелерін пайдалану арқылы өнімділікті арттыруды көздеуде. Сонымен қатар, шаруалар агроөндірістік кооперациялар арқылы бірігіп, өнімді өткеру, сақтау және тасымалдау мәселелерін бірлесе шешіп жатыр.
Сарыағаш ауданындағы бұл жұмыстар Түркістан облысы агроөнеркәсібінің табысты дамып келе жатқанын тағы бір дәлелдейді. Шаруалардың қажырлы еңбегі мен қолдаушы бағдарламалардың арқасында өңір ауыл шаруашылығы өндірісінің қарқынды даму жолына түскен.