ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДАМЫП КЕЛЕДІ

Түркістан облысы бойынша агроөнеркәсіп кешенін әртараптандыру, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру және ауылдағы халықты тұрақты табыс көзімен қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Соның бір айғағы – Төлеби ауданында балық шаруашылығының қарқынды дамуы.
Аудан әкімі Еркегали Әлімқұлов арнайы жұмыс сапарымен Киелітас ауылында орналасқан «Fish House» ЖШС-не барып, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты. Аталған шаруашылықтың негізін қалаушы – жеке кәсіпкер Нуртас Шағыров. Ол табиғи ортаға барынша жақын экологиялық таза әдіспен балық өсіруді жолға қойған. Кәсіпкер қазіргі таңда арнайы жасақталған тоғандарда бекіре, сазан және форель тұқымдас балық түрлерін өсіріп отыр.
Жобаға салынған инвестиция көлемі – 400 миллион теңгені құрайды. Бұл қаржыға балық өсіруге арналған бірнеше бассейн салынған. Қазіргі таңда шаруашылықта 15 тонна сазан, 60 тонна форель және 3 тонна бекіре тұқымы өсірілуде. Бұл – тек бастамасы ғана. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш бірнеше есеге артуы мүмкін. Кәсіпорында қазіргі таңда 50-ге жуық ауыл тұрғыны маусымдық жұмысқа тартылса, болашақта 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ. Бұл өз кезегінде ауылдық жерде жұмыссыздықты азайтып, халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруге оң ықпал етпек.
Кәсіпкердің айтуынша, форель балығы суық ауа райында жақсы өседі. Сол себепті күз мезгілінде ашық бассейндерге жіберіліп, сол жерде жетіледі. Бұған қоса, кәсіпкер демалыс орны ретінде этноүлгідегі дәмхана құрылысын бастап кеткен. Мұнда түрлі балық тағамдары дайындалып, келушілерге ұсынылатын болады. Бұл жоба Төлеби ауданының туристік әлеуетін де арттыра түспек.
Бұдан бөлек, шаруашылық аумағында көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Пруд айналасына жеміс ағаштары отырғызылып, арнайы демалыс орындары әзірленіп жатыр. Алдағы уақытта кәсіпкердің жеке қаражатына жол бойында балалар ойын алаңы салынатын болады.
Аудан әкімі Еркегали Әлімқұлов бұл бастамаға жоғары баға беріп, осындай ірі жобалардың ауылдық жерлердегі экономиканы көтеруге, кәсіпкерлікті дамытуға және тұрғындарды еңбекке баулуға үлкен серпін беретінін атап өтті. Ол сондай-ақ, мемлекет тарапынан ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларға, соның ішінде балық өсіру бағытындағы бастамаларға қолдау көрсетілетінін тілге тиек етті.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында да дәл осындай жобаларға басымдық беріліп отыр. Бұл бағдарлама ауыл халқының әл-ауқатын жақсартып, жергілікті кәсіпкерлердің өз бизнесін жүргізуіне мүмкіндік береді. «Fish House» жобасы осы бастаманың сәтті үлгісі болып табылады.
Жалпы, Төлеби ауданында ауыл шаруашылығы саласында ғана емес, сонымен қатар мал шаруашылығы, егін егу, жылыжай және балық өсіру бағыттарында да тың серпін байқалуда. Бұның барлығы – облыс әкімдігінің жүйелі саясатының, жергілікті әкімдіктің қолдауының және еңбекқор кәсіпкерлердің табандылығының нәтижесі.