Вице-министр Ербол Тасжүреков Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесу өткізді
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков жұмыс сапары аясында Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті. Ол агроөнеркәсіптік кешен саласында іске асырылып жатқан жобалармен танысты, деп хабарлайды BasAgro.kz.
Атап айтқанда, вице-министр 2024 жылдың қазанында 460 бас аналық бас малдан тұратын СТФ кеңейту жобасы аяқталған «Украинка» шаруа қожалығын аралады.
Жоба ірі инвестициялық жобаларды несиелеу бағдарламасы аясында қаржыландырылды. Қожалықтың иелігінде 651 мың га ауыл шаруашылығы жері, 1270-тен астам ірі қара мал мен жылқы, сондай-ақ барлық қажетті арнайы техника бар.
«Біз Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасын жалғастырамыз. Өткен жылы 268,2 мың тонна сүт өндіретін 39 сүт-тауарлы ферма іске қосылды. 2025 жылы бұл бағдарламаға 200 млрд теңге бөлініп, 141 инвестициялық жоба қаржыландырылады. Шығыс Қазақстан облысына 8 млрд теңге бөлініп, 6 жоба жүзеге асырылады», – деді Ербол Тасжүреков.
Украинка ауылының тұрғындарымен кездесуде вице-министр олардың сұрақтарына жауап берді. Кездесуге қатысушыларды субсидиялау, «Ауыл аманаты» бағдарламасы, мал шаруашылығы, құс шаруашылығы және өңдеу саласының дамуы қызықтырды.
«Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін екі есеге арттыру міндетін қойды. Бұл мақсатқа жету үшін еңбек өнімділігін арттыру қажет. Ол үшін агротехнологияларды енгізу, тыңайтқыштарды қолдану, сапалы тұқым пайдалану, техниканы жаңарту, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту керек. Биыл көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландыруға 700 млрд теңге бөлінеді. Қаражат бөлу 2024 жылдың 29 қарашасында басталып, бүгінге дейін 819 тауар өндірушіге 120,1 млрд теңге бөлінді», – деп мәлімдеді Ербол Тасжүреков.
Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту деңгейін жылына 8-10%-ға жеткізу тапсырмасына сәйкес, 200 млрд теңге жеңілдетілген лизингке бөлінеді. Бұл 5 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға мүмкіндік береді.
Вице-министр агротехнологияларды енгізу және өнімділікті арттырудың маңыздылығын атап өтіп, Президенттің тапсырмасы бойынша ауылшаруашылық өнімдерін екі есе арттыру қажеттігін айтты.