Жаңалықтар

Қазақстан өзін нанмен және ұнмен толық көлемде қамтамасыз етеді

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында, келесі жылға тұқым дайындау және фермерлерді қолдау туралы айтты, хабарлайды BasAgro.kz АШМ-ге сілтеме жасай отырып.

Министр атап өткендей, биылғы жыл фермерлер үшін қиын болды: негізгі астық егетін өңірлерде 25 күннен астам уақыт бойы нөсер жаңбыр жауды. Жауын-шашынның нормасы жылдық орташа көрсеткіштен 3 есе артық болды (22 мм-ден 65 мм-ге дейін).

«Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, күтілетін жалпы астық жинау көлемі 16,0 млн тоннаны құрайды, оның ішінде бидай — 11,3 млн тонна. Өткен жылдан қалған 3,0 млн тонна астықты қосқанда бұл елді нан, ұн және макарон өнімдерімен толық қамтамасыз етуге жеткілікті», — деп түсіндірді министр.

Лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына барлығы 4,7 млн тонна астық түсті, оның 1,8 млн тоннасы 3-сыныпты.

Бүгінгі күні астық жинау науқаны аяқталуға жақын. Еліміздің барлық өңірінде 16,9 млн гектар жердегі астық орылып, орташа өнімділігі гектарына 9,7 центнерді құрайтын таза салмақта 16,4 млн тонна астық жиналды, оның 11,4 млн тоннасы бидай.

Бидай жинау алаңы 13,4 млн га құрайды: өнімділігі 8,6 ц/га 11,4 млн.тонна бидай бастырылды; орташа өнімділігі 8,4 ц/га 1,6 млн тонна май тұқымы жиналды; орташа өнімділігі 11,6 ц/га күнбағыс 747,5 мың тонна бастырылды. 168,8 мың гектардағы картоп толығымен жиналып, 3,5 млн. тоннаны құрады, өнімділігі 206,4 ц/га. Көкөніс дақылдары 162,4 мың гектардан жиналып, жалпы көлемі 4,3 млн. тоннаны құрады, өнімділігі 263,7 ц/га.

Егін жинау жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарына литрі 250 теңгеден 426 мың тонна жеңілдікпен дизель отыны бөлінді. Сонымен қатар, ағымдағы жағдайды ескере отырып, диқандарға дәнді және майлы дақылдарды кептіруге литрінің құны 250 теңгеден аспайтын бағамен қосымша 62,5 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді.

Министрдің айтуынша, Үкімет заңнамада белгіленген тәртіппен субсидияларға деген қажеттілікті толық жабу мәселелерін пысықтауда. Сондай-ақ қаржы институттары желісі бойынша жеке тәртіппен зардап шеккен фермерлердің несие мерзімдерін ұзарту жұмыстары жүргізілуде. Бастапқы кезеңде 30 млрд теңге мөлшерінде субсидия берешегі өтеледі, Үкіметтің тиісті қаулысы қабылданды. Қалған қарыздар жыл соңына дейін жабылады.

Айта кету керек, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және «ҚазАгроҚаржы» АҚ желісі бойынша қазіргі уақытта 147 фермерденден 7,2 млрд теңге сомасына міндеттемелерді орындау мерзімін ұзарту мақсатындағы өтініштер келіп түсті.

«Экономиканы жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында берілген Сіздің хаттамалық тапсырмаңызға сәйкес 350 мың тонна бидайды тікелей сатып алу үшін «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ-ның жарғылық капиталын 31,3 млрд теңгемен толықтыруға қаражат бөлу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ нарық деңгейінде астық сатып алудың әділ бағасы белгіленді»,-деді Айдарбек Сапаров ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловқа.

АШМ басшысының айтуынша, биыл негізгі міндеттерінің бірі АӨК-ті астық тұқымымен қамтамасыз ету. Бұл Азық-түлік корпорациясының қолда бар ресурстары есебінен жасақталатын болады. Бүгінгі таңда пайдалануға жарамды 400 мың тоннаға жуық жұмсақ бидай тұқымы дайын.

Сонымен қатар, облыс әкімдіктерінің мәліметінше, жоспар бойынша себілуі тиіс 2,0 млн тонна астық тұқымының 1 505 мың тоннасы пайдалынылған. 2023 жылы тұқым дақылдарының бір бөлігі құрғақшылыққа байланысты себілген жоқ.  Сондықтан бүгінгі күні жүргізілген сараптамаларға сәйкес, жиналған тұқым қорының 90%-ы 1 және 2 сыныпты және егу стандартына сәйкес келеді.

Отырыс соңында Айдарбек Сапаров БАҚ алдында өткен брифингте баяндама жасап, ауыл шаруашылығы саласына қатысты ең өзекті деген сұрақтарға жауап берді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button