2024 жылы ішкі нарық толықтай отандық алмамен қамтамасыз етіледі
2024 жылы ішкі нарық 100 пайыз отандық алмамен қамтамасыз етіледі. Бұл жайында Мәжілістің таратылған 7-шақырылым депутаттарының сауалына қатысты Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің жауабында айтылған, деп хабарлайды basagro.kz ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
«Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша алма өндірісі саланы дамыту жөніндегі стратегиялық құжаттар аясындв агроөнеркәсіп кешенін дамытудың басым бағыттарының бірі саналады. Осылайша, АШМ-де бақшаларды салуды, жеміс қоймаларын салуды, техника сатып алуды, кредиттер мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялауды, элиталық көшеттерді, тыңайтқыштарды, өсімдіктерді қорғау құралдарын, «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ кредиттік өнімдерін сатып алуды субсидиялауды, отандық және шетелдік сарапшылар өткізетін семинарлар, нақты консультациялар арқылы білімді таратуды инвестициялық субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау іс-шаралары көрсетіледі», — деп атап өтеді Серік Жұманғарин жауабында.
Оның атап өтуінше, 2024 жылға қарай елімізде алманың жалпы жиналуын 352,5 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланған.
«Бұл ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етеді. Бұған алдыңғы жылдары салынған және 2024 жылы толық жеміс беруге шығатын алма бақтары есебінен қол жеткізілетін болады», — деді министр.