Жаңалықтар
Тренд

Қазақстанда HORSCH және CLAAS маркалы 281,4 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы техникасы өндірілді

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Германияның машина жасау саласындағы HORSCH Maschinen GmbH компаниясының негізін қалаушы Михаэль Хоршпен кездесті.

Тараптар Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасын өндіруді жергіліктендіру аясын кеңейту, өндіріс орындарын жаңғырту және өнеркәсіптік кооперацияны тереңдету мәселелерін талқылады.

Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіптік кешен саласындағы Қазақстан мен Германия арасындағы әріптестіктің маңызын атап өтті. Сондай-ақ озық технологияларды тарту, отандық машина жасау саласын дамыту және жергілікті өндірістің үлесін арттыру агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртудың негізгі бағыттарының бірі екенін жеткізді.

«Қазақстан үшін әлемдегі жетекші ауыл шаруашылығы техникасын өндіруші компаниялармен ынтымақтастық дайын өнім жеткізумен ғана шектелмеуі керек. Мұндай әріптестік отандық өндірісті дамытуға, технологиялар трансферін қамтамасыз етуге және жаңа өндірістік құзыреттерді қалыптастыруға негіз болуы тиіс. Біз HORSCH компаниясымен ынтымақтастық аясында өндірісті жергіліктендіру деңгейін одан әрі арттыруға және өнеркәсіптік кооперацияны нығайтуға мүдделіміз», – деді министр.

Өз кезегінде Михаэль Хорш инвестициялық жобаны жүзеге асыруға көрсеткен қолдауы үшін Қазақстан тарапына алғыс білдірді. Ол елімізде өндірістік қызметті дамытуға қолайлы жағдай жасалғанын және Қазақстанның аграрлық нарығының әлеуеті зор екенін атап өтті.

Сонымен қатар инвестор компанияның технологиялық әріптестікті одан әрі дамытуға дайын екенін жеткізді.

Айта кетейік, екіжақты ынтымақтастық 2020 жылы басталды. Сол жылы Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласындағы «СТ ЭСЭМБЛИ» сеоіктестігі зауыты базасында HORSCH Sprinter 12 HD және HORSCH Sprinter 15 NT тұқым себу кешендерін өндіру жергілікті деңгейде жолға қойылды.

2021 жылы Қазақстан Үкіметі мен «СТ ЭСЭМБЛИ» серіктестігі арасында HORSCH және CLAAS маркалы ауыл шаруашылығы техникасын өндіруді көздейтін арнайы инвестициялық келісімшарт жасалды.

Жобаның жалпы инвестиция көлемі 9,5 млрд теңгеден асты.

2021 жылғы қыркүйекте өндіріс алаңы іске қосылғаннан бері жалпы құны 35,4 млрд теңге болатын 295 HORSCH Sprinter тұқым себу кешені шығарылды.

Бұдан бөлек, CLAAS маркалы 864 комбайн, 397 трактор және 621 жатка өндірілді. Бұл техниканың жалпы құны 246 млрд теңгені құрады.

Келіссөз соңында тараптар Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасының өндірісін кеңейту және жергіліктендіру деңгейін арттыру басымдықтарын бірлесіп пысықтауға уағдаласты.

Жобаны одан әрі дамыту отандық өндірістік базаны нығайтуға, машина жасау саласының технологиялық әлеуетін арттыруға және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді заманауи техникамен қамтамасыз етуге жол ашады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button