Жаңалықтар
Сайрамда манго, авокадо өсіріледі
Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сайрам ауданындағы кәсіпорындар мен өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Еліміздегі мол көлемде банан өндіретін алғашқы кәсіпорын Сайрам ауданында орналасқан. Түріктің «Gen group Qazaqstan» компаниясы 5,3 га жылыжай кешенін салып, банан отырғызған. Өсірілетін банан сорты арнайы Қазақстанның климаттық жағдайларына бейімделген. Алғашқы өнімді 6 айдан кейін жинау жоспарлануда.
Кәсіпорын басшысы Тимур Утешов алдағы уақытта манго, авокадо сынды жеміс түрлерін өндіруді жоспарлап отыр. Экзотикалық жемістерден басқа, жылыжайда қызанақ пен құлпынай өсіріледі. Жобаның бірінші кезеңдегі құны 4 млн. АҚШ долларды құрайды. Құрылыс сапасы жоғары, жылыжайлар климаттық бақылау мен бейімделгіш қоректендіру жүйесімен жабдықталған.
Қазақстанда баламасы жоқ кәсіпорын жақын арада жылыжай жерін 5 гектарға кеңейтпек. Қайнарбұлақ ауылдық округінде орналасқан жылыжай жылына шамамен 1000 тонна банан өндіруге мүмкіндік береді. Бұл ішкі нарықтың қажеттілігін 1% қамтамасыз етіп отыр.
Облыс әкімі ауданға жұмыс сапары аясында Қасымбек Датқа елді мекенінде орналасқан аудандағы «Шымыр-Медет» лимон жылыжайында болды. Жалпы көлемі 1 га. жерде 2000 түп лимон көшеті отырғызылған. Жылына 80 млн. лимон өнім береді. Бұл лимонарии облыс аумағындағы ең үлкен жылыжай болып саналады.
Облыс басшысы егістікті әртараптандырудың маңыздылығын атап өтті.
– Егістікті әртараптандыру, баланс ұстау аса маңызды. Біз жыл сайын тек бір дақылдарды екпеуіміз керек. Нарыққа назар аударып, жоғары сұранысқа ие дүниелерді бақылаған жөн. Өзімізді барлық қажетті өнімдермен қамтамасыз ету және сол арқылы бағаны тұрақтандыру үшін аймақтың азық-түлік қауіпсіздігі саласына барынша қамқорлық таныту қажет, – деп атап өтті Дархан Сатыбалды.
Егістікті суармалы сумен қамту мәселесіне көңіл бөлген аймақ басшысы барлық қолда бар мүмкіндіктерді пайдалануды, атап айтқанда, жер асты суларының қорларын зерттеу жұмыстарын жалғастыруды, сондай-ақ барлық су ресурстарының теңгерімін зерделеуді тапсырды.
Сапар барысында облыс басшысы «Mangystau Oil Refeining» мұнай өнімдерін өңдеу зауытына барды. Аталған зауыттың жобалық құны 2,1 млрд. теңгені құрайды. Зауытта сұйытылған көмрсутек газы, бензин еріткіші, көмірсутек еріткіші, уайт-спирит (нефрас), автокөлік бензины, техникалық керосин, дизель отыны, қазандық отындары өндіріледі. Зауыт жылына 250 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. Қазір мұнда 60 адам жұмыспен қамтылған.
Д. Сатыбалды Сайрам ауданындағы құрама жем шығаратын зауыттың жұмысымен танысты. Өндіріс орны жылына 60 мың тонна мал азығын өндіреді. Бүгінде зауыт өнімін ішкі нарыққа және Өзбекстан Республикасына экспортқа жіберуде. Аталған нысанның жобалық құны 600 млн. теңге. Жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылған.
Облыс әкіміне сондай-ақ Сайрам ауданында орналасатын индустриалды аймақ таныстырылды. 80 га жерде ауданның инвестициялық жобалары жүзеге асырылады.