Жаңалықтар
Trending

Айдарбек Сапаров акваөсірудің дамуын күшейтуді тапсырды

Балық шаруашылығы комитетінің 2024 жылдың бірінші жартыжылдығындағы қызметінің қорытындылары ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен өткен кеңесте қаралды, деп хабарлайды BasAgro.kz.

Балық шаруашылығы комитеті төрағасының міндетін атқарушы Алмас Асылбеков балық ресурстарын қолдан көбейту және акваөсіруді дамыту үшін қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Жыл сайын ғылыми зерттеулер негізінде балық аулау лимиті белгіленеді. Өткен кезеңде бекітілген лимит 63,8 мың тонна болса, 49,2 мың тоннасы ауланды.
Балықты өңдеумен 72 кәсіпорын айналысады. 18 кәсіпорын өнімді ЕО елдеріне экспорттайды. 2023 жылы шамамен 25,3 мың тонна балық өнімдері экспортталды, ал ағымдағы жылдың алғашқы бес айында барлығы 8,5 мың тонна.

Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде 2024 жылға мемлекеттік балық өсіру кәсіпорындарымен балықтың бағалы түрлерінің 54,8 млн дана шабақтарын өсіру және табиғи су айдындарына шығару жоспарланған.

Жеке балық өсіретін шаруашылықтар резервтік су айдындарында 3,9 млн тұқы балық түрлерін шығаруды көздеп отыр.

«Саланы қолдауға Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданғанына қарамастан, саланың даму серпіні төмен болып қалуда. Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасының нысаналы индикаторларына қол жеткізілмейді. Жұмысты күшейту керек. Талдау жасаңыз, проблемаларды, соның ішінде акваөсіруді дамыту мәселелерін жедел шешу қажет. Сала қарқынды дамуға тиіс, оның үстіне бұл үшін барлық жағдайлар бар»,- деді Айдарбек Сапаров.

Кеңес соңында министр жоспарланған іс-шаралардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button