Қазақстанның аграрлық саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадамдар
Қазақстанның агро шаруашылығына қатысты соңғы жаңалықтар тыңайтқыштар өндіру саласындағы әлемдік көшбасшы «ЕвроХим» компаниясы ұйымдастырған ауқымды конференциямен толыға түсті, деп хабарлайды BasAgro.kz.
Бұл шарада Солтүстік және Орталық Қазақстаннан келген аграрийлер, олардың агрошаруашылықты дамытуды мақсат еткен жетекшілері бас қосты. Астана қаласында өткен жиында елдің аграрлық секторындағы өзекті мәселелер талқыланып, өнімділікті арттыру және ауыл шаруашылығын дамыту бағытында нақты шаралар қарастырылды.
Конференцияда «ЕвроХим» компаниясы әлемдік тәжірибені негізге ала отырып, ауыл шаруашылығын жаңғырту үшін тиімділікті арттырудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Компанияның өкілдері Қазақстанның әрбір аймағының топырақ және климат ерекшеліктерін ескере отырып, дақылдарды азықтандырудың жаңа тәсілдерін ұсынды. Бұл тәсілдер аграрлық секторды жаңа деңгейге көтеріп, ел экономикасының ауыл шаруашылығы бағытындағы дамуына зор үлес қосуға бағытталған.
Жиын барысында компанияның 34 түрлі өнімдері таныстырылды. Олардың ішінде инновациялық азот-фосфорлы тыңайтқыштар мен жоғары сапалы сұйық азот тыңайтқыштары бар. Аграрийлер бұл өнімдер арқылы өз егіндерінің сапасын арттырып, өнімділікті жоғары деңгейге шығару мүмкіндігіне ие болмақ. Бұған қоса, жоғары сұранысқа ие премиум санатындағы суға еритін тыңайтқыштар Aqualis туралы да жан-жақты ақпарат ұсынылды.
«ЕвроХим» компаниясы тек өнімділікті арттыруға бағытталған тыңайтқыштар ұсынып қана қоймай, Қазақстанның аграрлық секторын жаңғыртуға арналған күрделі жобаларды іске асырып жатыр. Жаңатас қаласында салынған жаңа химиялық кешеннің құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Жоба аясында бірінші кезең бойынша фосфаттарды өндіру кешені іске қосылды.Компанияның болашақтағы жоспарлары арасында фосфорлы тыңайтқыштар өндірісін жолға қойып және зауыттың қуатын арттыру міндеті тұр. Аталмыш кешеннің жылдық қуаты 1 миллион тоннадан астам тыңайтқыш шығаруға мүмкіндік береді, бұл өнімдер ел нарығына ғана емес, Орталық Азия, Ресей, Қытай және Еуропа нарықтарына да экспортталады.
Бұл қадамдар Қазақстанның ауыл шаруашылығында жаңа технологияларды енгізу мен аграрлық өнімділікті арттырудағы маңызды кезең болып табылады. Ал «ЕвроХим» компаниясының қолдауымен еліміздің агроөнеркәсіп кешені одан әрі дамып, әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілігін арттыра түседі.