
Қазақстанда асыл тұқымды мал басының сапасын арттыру, ауыл шаруашылығы жануарларының тұқымдық ерекшеліктерін жетілдіру және отандық мал шаруашылығының генетикалық әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда.
Саланы дамытудың маңызды тетіктерінің бірі – шетелден әкелінетін сапалы асыл тұқымды мал басын көбейту.
Осы ретте Аустралиядан Герефорд және Абердин-Ангус тұқымдарына жататын 250 бас ірі қара жеткізілді.
Мал Ақтөбе қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайға жеткізіліп, заңнамада белгіленген ветеринариялық рәсімдерден өтті. Еліміздің ветеринариялық талаптарына сәйкес, мал 21 күн бойы карантинде ұсталды.
Осы кезеңде мамандар жануарлардың физиологиялық жағдайын кешенді бағалап, әрқайсысын тексеруден өткізді. Жұқпалы аурулардың клиникалық белгілерінің жоқтығы және ветеринариялық ілеспе құжаттардың белгіленген талаптарға сәйкестігі тексерілді. Сондай-ақ ветеринариялық-санитариялық нормалардың сақталуына ерекше назар аударылды.
Барлық қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Бударино ауылында орналасқан «Amaner-IZI» шаруашылығына апарады.
Асыл тұқымды малды әкелу шаруашылықтың табындық-генетикалық қорын кеңейтіп, селекциялық-асылдандыру жұмыстарын жетілдіруге тың мүмкіндік береді.
Герефорд пен Абердин-Ангус тұқымдары жоғары ет өнімділігімен және жергілікті жағдайға бейімделу қасиеттерімен ерекшеленеді. Сондықтан етті бағыттағы мал шаруашылығында кеңінен қолдануға болады.
Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту – Қазақстанның агроөнеркәсіптік саясатының басым бағыттарының бірі. Бұл мал басының сапасын жақсартуға, өнімділікті арттыруға, отандық асыл тұқымды мал базасын нығайтуға және бәсекеге қабілетті мал шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайтуға арналған.



