2025 жылдың қаңтар айында ет өндірісінің өсімі 5,2%-ды құрады
Қазақстанда ішкі нарықтың қажеттіліктерін толық өтейтін сиыр етін өндірудің тұрақты өсімі жалғасуда, деп хабарлайды BasAgro.kz.
2024 жылдың қорытындысы бойынша сиыр еті өндірісі 430 мың тоннаны құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 7,5%-ға артты. 2025 жылы бұл динамика сақталуда: қаңтар айында 24,7 мың тонна ет өндірілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,2%-ға жоғары.
Қазіргі уақытта қазақстандық сиыр еті мен тірі ірі қара мал әлемнің 8 еліне экспортталуда, бұл отандық өндірушілер өнімдерінің жоғары сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін көрсетеді.
Саланы дамыту мақсатында жалпы сыйымдылығы 380,1 мың басқа арналған 249 бордақылау алаңы жұмыс істейді. Жүргізілген мониторингке сәйкес, қазіргі таңда бордақылауда 174,2 мың ірі қара мал бар, бұл жалпы қуаттылықтың 45,8%-ын құрайды.
Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау мақсатында мемлекет тарапынан бордақылау алаңдарына немесе ет өңдеу кәсіпорындарына өткізілген бұқашықтарды субсидиялау жүргізілуде. Қазіргі уақытта 130 мың ірі қара малды қамтитын 6,4 млрд теңге көлемінде субсидия төленді. Субсидия мөлшері тірі салмағының әр килограмына 200 теңгені құрайды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі сапалы ет өнімдерін өндіруді ынталандыру, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту және мал шаруашылығы саласының тиімділігін арттыру бойынша жұмыстарды жалғастыруда.