Атырау облысында балық ауруларына ден қою бойынша симуляциялық оқу-жаттығу өтті
Атырау облысында «Балық ауруларына ден қою» тақырыбында симуляциялық оқу-жаттығу өткізілді, деп хабарлайды BasAgro.kz.
Іс-шара ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті бекіткен жоспар шеңберінде, сондай-ақ Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымымен келісімге сәйкес ұйымдастырылды.
Оқу-жаттығу Еркінқала ауылындағы балық өсіру шаруашылығының аумағында өтті және балықтың қауіпті ауруларының ошақтары анықталған кезде жедел ден қою және іс-қимылдарды үйлестіру дағдыларын пысықтауға бағытталды.
Оқу-жаттығуға 42 маман қатысты, 21 бірлік техника жұмылдырылды. Қатысушылардың қатарында Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің өкілдері мен аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері, Атырау облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының өкілдері, Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы, табиғи ресурстар басқармасы, қала әкімдігі, ветеринария станциясы мен зертханасы, Республикалық эпизоотиялық отрядының филиалы, сондай-ақ «Амангелді» балық кәсіпорнының өкілдері болды.
Балық ауруларының ошағын анықтау және оқшаулау кезінде ведомствоаралық өзара іс-қимылдың моделі сәтті пысықталды.
Барлық жұмылдырылған қызметтер жоғары дайындық деңгейін, үйлесімділігін және төтенше жағдайда әрекет етуге дайындығын көрсетті. Жедел диагностика, санитариялық талаптарды сақтау, су қоймасын оқшаулау және халықты ақпараттандыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Өткізілген сценарийлер ветеринария және балық шаруашылығы саласындағы мамандарды жүйелі түрде практикалық даярлаудың маңыздылығын, биологиялық қауіптерге тиімді ден қою үшін материалдық-техникалық базаны нығайту қажеттілігін растады. Алынған нәтижелер өңірлік ден қою жоспарларын жаңарту және осы саладағы нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру кезінде пайдаланылатын болады.