Бүгін Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария ауданының Тереңөзек кентінде тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыровты Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, құрмет көрсетті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, аймақ басшысы ардагерге Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хаты мен «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалін табыстады. Дәстүрге сай иығына шапан жауып, сый-сияпат көрсетті.
Ұлы Отан соғысының ардагері, Сырдария ауданының құрметі азаматы, 103 жастағы Яхия Тасыров 1942 жылы майданға аттанған. Сталинградты, Курскіні, Польшаны азат етуге қатысқан. Бейбіт өмірде де белсенді еңбек етіп, ауыл шаруашылығы өндірісінің өркендеуіне үлес қосқан. «Қызыл жұлдыз», І, ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендері мен бірнеше медальдің иегері, елдің батагөй ақсақалы.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Жеңістің 80 жылдығын атап өтуге, қатары сиреген қарт майдангерлерге құрмет көрсетуге ерекше мән беріліп отыр.
— Аймақта Жеңіс күнін атап өтудің іс-шаралар жоспары бекітілді. Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, оларға теңестірілген ардагерлер мен соғыс жылдары кемінде алты ай еңбек еткен тыл ардагерлеріне төленетін әлеуметтік төлем мөлшері жыл сайын артып келеді. Бүгінде Қазалы және Сырдария аудандарында 2 соғыс ардагері тұрады. Оларға 5 млн теңгеден берілсе, тыл еңбеккерлері, соғыс ардагерлеріне теңестірілгендер мен мүгедектер төлемі 40 АЕК-тен 50 АЕК-ке ұлғайды.