Жаңалықтар
Trending

ШҚО ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, машина жасау және энергетика салаларында ынтымақтастық орната алады

Қытай Халық Республикасының Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданында өткен «Алтай – ортақ үйіміз» халықаралық конференциясында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов ШҚО мен көршілес СҰАА арасындағы ықтимал ынтымақтастық бағыттары туралы айтып өтті.

Әкімнің айтуынша, бірлескен жобаларға серпін беретін әлеует өнеркәсіпте, машина жасау мен автокөлік құрастыруда, литий құрамды шикізатты өңдеуде, күн панельдерін өндіруде, аграрлық сектор мен ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салаларында бар.

«Біз агроөнеркәсіптік кешен аясында бірлескен жобаларды іске асыруға дайынбыз. Атап айтқанда, талқан мен тары өндіретін цех ашу, екі жұмыртқа бағытындағы құс фабрикасы мен ет комбинатын салу жобаларын ұсынамыз. Өңірде орман қорын дайындау, бөгендерде албырт тұқымдас, тұқы және бекіре тұқымдас балықтарды өсіру, сондай-ақ шағын гидроэнергетиканы дамытуға мүмкіндік бар.

Қазіргі уақытта 95 су электр станциясын (СЭС) салуға арналған орындар анықталған. Тұрғысын және Бұқтырма өзендеріндегі жобалар жаңа қуат көздерін құруға жол ашады. СЭС салу бағытында инвестор тарту жұмыстары жүргізілуде, оның ішінде қытайлық серіктестермен бірлескен жобалар да бар. Бұл – Тұрғысын СЭС-2 мен СЭС-3, Быково СЭС-2, Сенное СЭС-3, Богатырево СЭС-1. Бұдан бөлек, көмір генерациясын кеңейту бағытында да бірқатар ірі жобалар қолға алынуда», – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Әкімнің айтуынша, Шығыс Қазақстан мен Қытай арасындағы тату көршілік әріптестік нақты нәтижелер беріп отыр. Бұл – Тұрғысын СЭС, Лу Бань шеберханасы, ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауға арналған ветеринарлық зертхана, сондай-ақ атом электр станцияларына арналған жылу бөлетін құрылғыларды шығаратын жоғары технологиялы зауыт.

«Шығыс Қазақстан облысы өзара тиімді әрі ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа ашық. Көршілес өңірлермен өзара іс-қимыл алдағы уақытта да орнықты даму, достық байланыстарды нығайту мен ортақ мақсаттарға қол жеткізуге септігін тигізетініне сенімдіміз», – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Басқа жаңалықтар

Back to top button