Жаңалықтар
Trending

Қазақстан ТМҰ мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы министрлерінің төртінші кеңесіне қатысты

Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің ауыл шаруашылығы министрлерінің IV кеңесі Қырғызстанда өтті. Оған сондай-ақ Әзербайжан Республикасы, Түрік Республикасы, Өзбекстан және Батыс Еуропа елдерінен (бақылаушы мәртебесінде) делегациялар қатысты, деп хабарлайды BasAgro.kz.

Қазақстан делегациясына Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов жетекшілік етті.

Делегация басшылары дәстүрлі өтетін бұл кездесуді тәжірибе алмасу мен агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға қатысты бірлескен шешімдер қабылдаудың тиімді платформасы екенін атап өтті.

Кеңесте органикалық ауыл шаруашылығын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды, бұл жаһандық сын-қатерлер жағдайында стратегиялық маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Вице-министр Б.Бекбауов:

«Бүгінгі органикалық ауыл шаруашылығы — тек тұрақты өндіріс мәселесі ғана емес, сонымен қатар экологиялық, әлеуметтік және азық-түлік қауіпсіздігінің элементі. Қазақстан бұл бағытты жүйелі түрде дамытып келеді және біз елеулі нәтижелерге жеттік», — дей келе, органикалық ауыл шаруашылығы саласындағы негізгі жетістіктерді атап өтті.

2024 жылдың қорытындысы бойынша 300 мың гектардан астам жер органикалық ауыл шаруашылығына сертификатталды. Органикалық өнімнің негізгі экспорттық нарықтары – Германия, Нидерланды, Швейцария секілді ЕО елдері. Қазақстан органикалық бидай, жасымық, нут және майлы дақылдарды экспорттайды.

Бүгінде «Органикалық өнім өндірісі мен айналымы туралы» заң қабылданды, ол сала дамуын заңнамалық деңгейде реттейді. Қырғызстан тәжірибесі негізінде шағын фермерлерге арналған ерікті кепілдік жүйесі (PGS) енгізілді. 2024-2025 жылдарға арналған органикалық ауыл шаруашылығын дамыту жол картасы әзірленіп, жүзеге асырылуда. Мемлекет тарапынан органикалық өндірісті сертификаттау құнының 50%-ына дейін субсидиялау көзделіп отыр. А.Бараев атындағы Ұлттық ғылыми орталық базасында органикалық ауыл шаруашылығына арналған аймақтағы алғашқы аграрлық технопарк құрылады, ол осы жылы Еуропалық сәйкестік сертификатын алады.

«Біз Түркі мемлекеттері ұйымы аясында ынтымақтастықты нығайтуға және мүше елдердің нарықтарында органикалық өнімді ілгерілету, стандарттар мен талаптарды үйлестіру, озық технологиялармен алмасу, кадрларды даярлау және қайта даярлау бойынша бірлескен жұмысты күшейтуге дайынбыз», — деді вице-министр.

Кеңес органикалық ауыл шаруашылығы бағытында аграрлық саладағы ынтымақтастықты тереңдетуге берілген міндеттемені растайтын бірлескен коммуникені қабылдау рәсімімен аяқталды.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button