АШМ басшысы мен ҚХР елшісі Қытайға ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттау мәселелерін талқылады
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев пен ҚХР Төтенше және Өкілетті Елшісі Чжан Сяо Қазақстан мен Қытайдың агроөнеркәсіптік кешені саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады, деп хабарлайды basagro.kz.
Атап айтқанда, АШМ басшысы Қазақстаннан Қытайға мал шаруашылығы өнімдерін экспорттау, жануарлардың аурулары бойынша шектеулерді алып тастау, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарларының басқа түрлеріне ветеринариялық және фитосанитариялық талаптарды келісу мәселелерін көтерді.
Елші өз тарапынан күн тәртібі шеңберінде айтылған Қытайдың құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл жасауға көмектесуге, сондай-ақ басқа да бағыттар бойынша, оның ішінде жерді мелиорациялау және ауыл шаруашылығын цифрландыру бойынша ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесуге дайын екенін білдірді.
Сондай-ақ, Чжан Сяо қазіргі уақытта Қытай COVID-19 бойынша барлық шектеулерді алып тастағанын ескере отырып, қазақстандық делегацияның ҚХР-ға бару мүмкіндігін қарастыру қажеттігін атап өтті.
Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысы бойынша екі елдің арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауар айналымы 2 есеге жуық өсіп, 783 млн долларды құрады. Қазақстан Қытайға негізінен күнбағыс майын, зығыр тұқымын және майлы дақылдарды сатады, ал елімізге жемістер, көкөністер мен жаңғақтарды импорттайды.