Қазақстанда гипоаллергенді A2 сүті өндірісі жолға қойылады
«Молком-Павлодар» компаниясы құрамында бета-казеин A1 ақуызы жоқ гипоаллергенді сүтті өнеркәсіптік көлемде өндіретін Қазақстандағы алғашқы желіні іске қосатынын хабарлады. Өндіріс Павлодар облысында ұйымдастырылып, A2 түріндегі сүт шығарылады. Бұл өнім дәстүрлі сиыр сүтіне сезімтал адамдар үшін жеңіл қорытылатын әрі қауіпсіз деп есептеледі, деп хабарлайды BasAgro.kz.
Жобаның жүзеге асуына A2A2 генотипі расталған асыл тұқымды ірі қара малдың елге әкелінуі негіз болды. Мұндай сиырлардан алынған сүттің құрамында A1 ақуызы болмайды.
Компанияның құрылтайшысы Вячеслав Руфтың айтуынша, гипоаллергенді A2 сүті Жаңа Зеландия, Жапония, Біріккен Араб Әмірліктері, Франция және Германия сияқты елдерде кеңінен өндіріліп, жоғары сұранысқа ие. Ал ТМД елдерінде, соның ішінде Ресей мен Қазақстанда бұл өнім әлі де шектеулі түрде ұсынылып отыр.
A2 сүтінің басты ерекшелігі — оның құрамында бета-казеин A1 ақуызының болмауы. Бұл ақуыз кей адамдар үшін қиын қорытылып, жағымсыз әсер тудыруы мүмкін.
Жаңа өндірістік желінің іске қосылуы Қазақстанда гипоаллергенді сүт өнімдерінің толыққанды секторын қалыптастыруға жол ашып, халық денсаулығын жақсартуға және азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға елеулі үлес қосады деп күтілуде.