Жаңалықтар
Тренд

26–27 шілдеде Батыс Қазақстан облысында «AGROFEST – 2025» өтеді

Бәйтерек ауданының Сұлукөл ауылында 26–27 шілде күндері агроөнеркәсіптік кешен саласындағы маңызды оқиғалардың бірі – «AGROFEST – 2025» фестивалі өтеді. Бұл шара төртінші рет еліміздің түкпір-түкпірінен жетекші агроиндустрия өкілдерін жинамақ.

Фестивальге Қазақстанның түрлі өңірлерінен және Ресейдің шекаралас аймақтарынан 8 мыңнан астам қонақ келеді деп күтілуде. Ұйымдастырушылар AGROFEST мәртебесін ауыл шаруашылығы саласындағы ең маңызды іс-шаралардың бірі ретінде тағы да дәлелдейтін ауқымды іскерлік және мәдени бағдарлама әзірлеп отыр.

«AGROFEST – 2025» – жай ғана фестиваль емес. Бұл – мемлекет, бизнес, ғылым және ауыл тұрғындары арасындағы диалогқа арналған бірегей алаң. Қатысушылар экономика, аграрлық саясат және орнықты даму мәселелеріне арналған панельдік пікірталастар мен секциялық сессияларға қатысып, егіншілік пен мал шаруашылығындағы заманауи технологиялар саласында тәжірибе алмасады. Сондай-ақ агробизнестің үздік өкілдерімен, ғалымдармен, сарапшылармен және техника өндірушілерімен бірге АӨК-дегі трендтер мен сын-қатерлерді талқылау мүмкіндігі беріледі.

Фестиваль аясында ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша чемпионат ұйымдастырылып, онда ауылшаруашылық техникасының операторлары, дәнекерлеушілер мен қасапшылар өз шеберлігін көрсетеді.

Іс-шараның басты оқиғаларының бірі – Батыс Қазақстан облысында шығарылған «Ақбас» ірі қара малының тұқымы бойынша чемпионат болмақ. Қонақтар еліміздің түкпір-түкпіріндегі фермерлік шаруашылықтардан әкелінген осы бірегей тұқымның ең үздік өкілдерін тамашалай алады.

AGROFEST тек іскерлік бағдарламасымен ғана емес, жарқын мәдени шараларымен де танымал: көкпар турнирі – ондаған команданы және жүздеген жанкүйерді жинайтын дәстүрлі сайыс, қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен AgroSound музыкалық фестивалі, ұлттық ойындар, қолөнер ауласы және ұлттық стильдегі сән көрсетілімін қамтитын этностиль күні.

Фестиваль қонақтары үшін еліміздің түкпір-түкпірінен келген фермерлік шаруашылықтардың жетістіктері, технологиялары және өнімдері ұсынылатын кең көрме аймақтары жұмыс істейді. Мұнда АӨК-тегі жаңа өнімдермен танысып қана қоймай, іскерлік байланыстар орнатуға да болады.

Ұйымдастырушылар Батыс Қазақстан облысының тұрғындары мен өңір қонақтарын AGROFEST – 2025 шарасына қатысуға шақырады.

Барлық көрме аймақтарына кіру тегін.

Басқа жаңалықтар

Back to top button