Жаңалықтар

ТҮРКІСТАН: ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ЖҮЗІМ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДАМЫП, ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ КӨБЕЙІП ЖАТЫР

Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының күретамыры. Әсіресе Түркістан облысы сынды табиғаты қолайлы өңірлерде егін және мал шаруашылығының қарқынды дамуы – ауыл халқының тұрмысын түзеудің, жұмыссыздықпен күресудің, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты тетігіне айналды. Солардың бірі – Төлеби ауданында бой көтеріп жатқан жүзім шаруашылығы. Бұл сала бүгінде аудан экономикасының дамуына ғана емес, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту, әсіресе әйел адамдарға жаңа мүмкіндіктер ашу ісінде де маңызды рөл атқарып отыр.

Жер емген ер – ырыстың иесі

Тасарық ауылдық округіндегі Сабыржан Танабаев есімді еңбекқор азамат өзінің 20 гектар алқапқа жүзім отырғызып, оны заманауи әдістермен баптап, жыл сайын мол өнім алып отыр. Қазіргі таңда шаруашылықта төрт түрлі жүзім сұрыпы өсіріледі. Атап айтқанда, тәтті әрі тез пісетін, тасымалдауға ыңғайлы сұрыптар жергілікті нарықта жоғары сұранысқа ие. Сабыржан Танабаевтың айтуынша, бұл алқаптан жылына 300 тоннаға жуық өнім жиналады. Бұл – өңір үшін үлкен көрсеткіш.

Ауыл әйелдеріне жаңа мүмкіндік

Ауыл шаруашылығында жұмыс істеу – тек ауыр еңбек емес, сонымен бірге табысты кәсіптің көзі. Осы жүзім шаруашылығында бүгінде 16 адам тұрақты жұмыс істесе, өнім пісіп-жиналатын науқандық кезеңде жұмысшылар саны 100-ге дейін артады. Соның ішінде басым бөлігі – ауыл әйелдері мен қыз-келіншектер. Олар жүзім теріп қана қоймай, оны сұрыптау, қаптау, сақтау, тасымалдау сынды процестердің бел ортасында жүр.

Бұрын тұрмыста отырып қалған, жұмыс таба алмай жүрген көптеген аналар бүгінде осы шаруашылықта еңбек етіп, отбасы бюджетіне елеулі үлес қосып келеді. Бұл – олардың өзіне деген сенімін арттырып, қоғамдағы белсенділігін көтеруге де септігін тигізіп отыр. Кейбірі маусымдық жұмысты табыс көзіне айналдырып, келесі жылға өз бетімен шағын кәсіп бастауға ынта танытуда.

Аудан әкімінің қолдауы

Жақында Төлеби ауданының әкімі Еркегали Әлімқұлов жүзім шаруашылығына арнайы барып, Сабыржан Танабаевтың алқабымен танысты. Әкім егістікті аралап, жұмыс барысымен жіті танысып, диқандар мен шебер әйелдермен тілдесті. Әкім өз сөзінде ауыл шаруашылығына салынған әрбір инвестиция – өңірдің болашағына құйылған капитал екенін атап өтті.

“Мұндай жобалар ауыл халқын жұмыспен қамтып, кәсіпкерлікті дамытып қана қоймай, әлеуметтік мәселелердің де шешіміне жол ашады. Біз осындай еңбек адамдарына қолдау көрсетуді жалғастырамыз. Жер, су, инфрақұрылым – бәрі кезең-кезеңімен шешіледі,” – деді аудан басшысы.

Жүзім шаруашылығы – экспорттық әлеуеті зор сала

Жүзім – тек ішкі нарықта ғана емес, шетелге де экспорттауға қолайлы өнім. Болашақта осындай ірі шаруашылықтар өз өнімін Ресей, Қытай және ТМД елдеріне шығарып, елімізге шетел валютасының келуіне де ықпал ете алады. Бұл мақсатта ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан тиісті қолдау мен логистикалық шешімдер қарастырылып жатыр.

Сабыржан Танабаев өз шаруашылығын кеңейтіп, жүзім сақтайтын қойма, арнайы қайта өңдеу цехын ашуды жоспарлап отыр. Егер бұл бастамалар жүзеге асса, тағы да ондаған адам жұмысқа орналаспақ. Әсіресе шеберлігі бар әйелдер мен қыз-келіншектер шұғылданатын тұрақты кәсіп табады.

Қазақ әйелінің қолынан бәрі келеді

Шаруашылық басшысы өз сөзінде: “Біздің ең басты құндылығымыз – адамдар. Жүзім теріп, өңдеумен айналысатын әйелдер өте ұқыпты, еңбекқор, жауапты. Олар болмаса, біз мұндай нәтижеге жете алмас едік. Әйел затына сеніп тапсырылған іс әрқашан сапалы орындалады,” – деп атап өтті.

Осы жерде жұмыс істейтін шеберлердің бірі – Айгүл Қалдыбекқызы: “Мен осы жүзім шаруашылығына жұмысқа келгеннен бері өзімді еркін әрі пайдалы сезіне бастадым. Бұрын ауылда үйде отыратынмын, енді отбасымызға кіріс кіріп жатыр. Басшылық тарапынан да бізге жақсы жағдай жасалған. Еңбегіміз әділ бағаланады,” – дейді.

Төлеби ауданындағы жүзім шаруашылығы – ауыл тұрғындарының өмірін жақсартып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отырған жарқын мысал. Бұл – тек бір адамның бастамасы ғана емес, тұтас бір ауылдың ынтымағы мен еңбегінің жемісі. Осындай ірі жобалар көбейсе, ауылда да өмір сапасы артып, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарары сөзсіз. Ең бастысы – адам еңбегі бағаланып, әйелдер қауымының қоғамдағы рөлі артып келеді. Бұл – Қазақстанның жарқын болашағының кепілі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button